
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығын іске асыру аясында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев 2025 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы халық алдында есеп беріп, бірқатар ауылдық округтерде тұрғындармен кездесу өткізді. Аудан басшысының жұмыс сапары Достық ауылдық округінен басталып, одан әрі Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм және Алатау батыр ауылдық округтерінде жалғасты.
Кездесу барысында әр округтегі тұрғындар өзекті мәселелерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, Сүткент ауылындағы инфрақұрылым мәселесі, соның ішінде ауылға кіреберіс жолдың жағдайы – басты назарда болды.
Сүткент ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы ауылға кіретін жолдың нашарлығын айтып, бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Жаңбырлы күндері батпаққа айналатын, ал жазда шаңға оранатын бұл жол ауыл халқының күнделікті тіршілігіне айтарлықтай кедергі келтіріп келген.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев бұл мәселеге ерекше тоқталып:
«Сүткент ауылына кіретін 8 шақырымдық тас жол биыл күрделі жөндеуден өтеді. Бұл бағытта нақты жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, тиісті қаржы қаралған. Ауылға қатынасты жеңілдетіп, көлік қозғалысын ретке келтіру – біздің басты міндетіміз», – деді.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Асфальт төсеу, су ағарларын ретке келтіру, жол жиегін бекіту сынды құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Бұл – тек көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.
Сүткент ауылында жолмен қатар көтерілген мәселелердің қатарында:
-
Ауыз су торабына ағымдағы жөндеу жүргізу
-
Егістік алқаптарға апаратын каналдар мен қашыртқыларды тазалау және бетондау
-
Тұрғын үйлерге жақын орналасқан арықтарды ашу
-
Ауыл көшелерін жарықтандыру, балалар ойын алаңдарын салу сынды әлеуметтік жобалар болды.
Аудан әкімі бұл ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын және мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен орындалатынын айтты.
Кездесулер барысында ауыл әкімдері де соңғы үш айдағы жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларын бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, әр азаматтың өтініші мұқият тыңдалды.
«Біздің мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Ауылдың мәселесін сол ауылдың халқы жақсы біледі. Сондықтан осындай ашық кездесулер арқылы нақты шешімдер қабылданады. Жол салу, жарықтандыру, су жүйесін жөндеу – барлығы да жоспарлы түрде іске асады», – деді аудан басшысы.
Сүткент ауылындағы 8 шақырымдық жолдың жөнделуі – тек бір инфрақұрылымдық жоба емес, бұл – ауыл халқының өмір сүру сапасына жасалған нақты қадам. Тұрғындардың көптен күткен бұл мәселесі шешімін тапса, ауылға қатынас жеңілдейді, көлік қозғалысы ретке келеді, ең бастысы – сенім артады.
Аудан басшылығы тарапынан берілген уәделер мен қабылданған шешімдер – жергілікті әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі.
Пікір қалдыру