
ҚР Ішкі істер министрлігінің 2025 жылды Профилактика жылы деп жариялауына байланысты елімізде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Түркістан облысы Полиция департаментінде қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді атсалысып жүрген қоғамдық көмекшілерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Марапаттау шарасына облыстың әр өңірінен келген үздік көмекшілер қатысып, олардың еңбектері көпшілік алдында жоғары бағаланды. Түркістан облысының бас полицейі, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов полиция қызметкерлерімен бірге құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалысып жүрген азаматтарға шын жүректен алғыс білдіріп, олардың бұл бағыттағы белсенділігі қоғамдық қауіпсіздік жағдайын жақсартуға айтарлықтай ықпал етіп жатқанын ерекше атап өтті.
«Қоғамдық тәртіп – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл жолда сіздердің көмектеріңіз – біз үшін аса маңызды. Әрбір көмекшінің адал еңбегі тәртіп пен тыныштықтың кепіліне айналуда», – деді департамент бастығы өз сөзінде.
Іс-шара аясында 17 үздік қоғамдық көмекші Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл азаматтар тек формальды түрде ғана емес, нақты істерімен көзге түсіп, полиция қызметкерлерінің сенімді серіктесіне айналған.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 426 қоғамдық көмекші тіркелген. Олар құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жергілікті учаскелік инспекторларға көмектесу бағытында белсенді жұмыс істейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы бес айында олардың көмегімен 800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылып, 30 қылмыс ашылған. Бұл – полиция мен қоғам арасындағы тиімді әріптестіктің нақты нәтижесі.
Полиция қызметі – қоғам тыныштығының тірегі. Бұл – тәулік бойы тынбай еңбек етуді, қауіп-қатерге дайын болуды талап ететін аса жауапты сала. Полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылармен күресіп қана қоймай, қоғамда тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін маңызды институт ретінде әрекет етеді. Ал олардың жанынан табылып, адал қызметіне қолдау білдіріп жүрген көмекшілер – бұл жұмыстың сенімді тірегі.
Бүгінгі таңда қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі – тек полиция емес, бүкіл қоғам болып жұмылғанда ғана қамтамасыз етілетін ортақ міндет. Осы ретте полиция мен қоғамдық көмекшілердің бірлескен күш-жігері – ел тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі.
Полиция департаменті алдағы уақытта да қоғамдық негізде жұмыс істейтін белсенді азаматтарды қолдауды жалғастырып, олардың тәжірибесін өзге аймақтарға таратуға мүдделі екенін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Пікір қалдыру