
Түркістан облысының Полиция департаменті «Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне» орайластырылған айлық іс-шара жоспары аясында есірткіге қарсы бағытталған кең көлемді акция өткізді. Аталған іс-шараға департамент қызметкерлерімен бірге Жастар ресурстық орталығының еріктілері мен басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері белсенді атсалысты.
Акция барысында еріктілер мен тәртіп сақшылары Түркістан қаласындағы әуежай мен теміржол вокзалы аумағында болып, ондағы жолаушылар мен қала тұрғындарына 500-ден астам ақпараттық жадынама мен буклеттер таратты. Таралған материалдарда есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ нашақорлықтың адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндірілді.
Іс-шараның басты мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында құқықтық сананы арттыру. Осы орайда ерікті жастардың белсенділігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар полиция қызметкерлерімен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықпен еркін тілдесіп, жастарға жақын форматта маңызды мәліметтерді жеткізе білді. Бұл ынтымақтастық нашақорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның, әсіресе жастардың рөлінің жоғары екенін тағы бір дәлелдеді.
Полиция қызметкерлері еріктілердің көмегін жоғары бағалап, жастардың бұл іске бейжай қарамай, қоғам игілігі үшін еңбек етуге дайын екендігін қуана қабылдады. Мұндай бірлескен бастамалар жастарды тәрбиелеуде, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқарады.
Түркістан облысының Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра бермек. Айлық шеңберінде бұдан бөлек, білім беру мекемелерінде, халық көп шоғырланатын орындарда және әлеуметтік желілерде де түрлі профилактикалық іс-шаралар өтеді. Қоғам болып күрескенде ғана есірткіге жол жоқ екенін ұғындыру – басты мақсат.
Пікір қалдыру