ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАРАСОРА-2025» ЖЕДЕЛ АЛДЫН АЛУ ШАРАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ГАРНИЗОНДЫҚ САПТЫҚ ЖИЫН ӨТТІ

Түркістан облысында есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту мақсатында ұйымдастырылған «Қарасора-2025» республикалық кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде полиция департаментінің жеке құрамы мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қатысқан гарнизондық саптық жиын өткізілді. Бұл жиын өңірдегі құқық қорғау күштерінің үйлесімді әрекет етуін қамтамасыз етуге және есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталған.

Іс-шара барысында Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев саптық тексеруге қатысып, тәртіп сақшыларының алға қойылған міндеттерге дайындығын бағалады. Ол өзінің сөзінде есірткі қылмысына қарсы күрестің маңыздылығын атап өтіп, әрбір құқық қорғау органы қызметкерінің бұл бағытта аянбай еңбек етуі қажет екенін жеткізді.

«Қарасора-2025» іс-шарасына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел бөлімшелері, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, шекара қызметі, прокуратура және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды. Бұл кең ауқымды іс-шара барысында өңір аумағында 18 мобильді топ құрылып, облыстың шекара маңында екі бірдей блок-бекет орнатылды. Бұл блок-бекеттер арқылы есірткі заттарының транзиттік жолмен тасымалдануына тосқауыл қою көзделуде.

Іс-шара басталғалы бері нақты нәтижелер де тіркелді. Атап айтқанда, Түркістан облысы аумағында есірткі құралдарын өткізудің 3 фактісі тоқтатылды. Сонымен қатар, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 15 жайты анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде жалпы салмағы 400 грамм болатын синтетикалық есірткі мен 60 килограмм марихуана тәркіленді. Бұл – өңір аумағында есірткі бизнесінің жолын кесу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімділігін көрсететін нақты дәлел.

Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай кең көлемді профилактикалық іс-шаралар есірткі қылмысының алдын алуға және жастар арасында нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мобильді топтар ауылдық жерлер мен алыс елді мекендерде де тексеру жұмыстарын жүргізіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын қолға алды.

Аталған шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, Түркістан облысының барлық аудан-қалаларын қамтитын болады. Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, есірткінің таралуына жол бермеуге бар күш-жігерін салады. Жергілікті халықтан да аталған мәселеге бей-жай қарамай, күдік тудыратын жағдайларды құқық қорғау органдарына жедел хабарлау сұралады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*