ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ – БАЛА ӨМІРІНДЕГІ ЖАРҚЫН ЕСТЕЛІК ПЕН РУХАНИ ДАМУДЫҢ АЛАҢЫ

Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты балалардың жазғы сауықтыру лагері өз жұмысын ресми түрде бастады. Күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жатын орындарымен толыққан демалыс орны енді балаларды бұрынғыдан да жақсы жағдаймен қарсы алуда. Жаңарған лагерь тек сырт келбетімен ғана емес, мазмұндық тұрғыдан да толыққанды даму мен тәрбиенің орталығына айналуда.

Жазғы демалыстың алғашқы маусымында лагерьге 350 бала қабылданды. Оның 250-і Түркістан қаласынан, ал қалған 100-і Сауран ауданынан келген. Балаларға арналған танымдық үйірмелер, спорттық жарыстар, шығармашылық сайыстар және мәдени іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Барлық бағыттағы жұмыс балалардың жан-жақты дамуына бағытталған.

Айта кету керек, биылғы жазғы маусымда лагерьде жалпы 2400 баланы қабылдау көзделіп отыр. Бұл – өңірдегі балалардың жазғы уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне берілген үлкен мүмкіндік. Жазғы лагерь – баланың жаңа достар тауып, қарым-қатынас дағдыларын дамытатын, табиғатпен етене жақындасып, рухани тынығатын орны.

Бала – болашақтың тұтқасы. Оның өмірге деген көзқарасы мен дамуы дәл осындай ортада қалыптасады. Демалыс кезеңі тек көңіл көтерумен шектелмей, баланың ішкі жан дүниесін байытып, шығармашылық әлеуетін ашуға да септігін тигізеді. Жас жеткіншектің білімі мен ой-өрісі жазда тоқтап қалмауы тиіс. Түрлі интеллектуалды ойындар, кітап оқу сағаттары мен шеберлік сабақтары арқылы олардың зейіні мен таным көкжиегі кеңейе түседі.

Түркістан қаласының білім бөлімі мен лагерь ұжымы балалар үшін қауіпсіз, жайлы және мазмұнды демалыс ұйымдастыруды басты мақсат етіп отыр. Қарапайым ғана лагерь күндері баланың жадында өмірлік естелік болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан әрбір ата-ана баласының осындай ортада тәрбиеленуіне жағдай жасауы қажет.

Жазғы лагерь – тек демалыс орны емес, бұл – бала тәрбиесінің, білімі мен болашағының маңызды бөлігі. Ұлттың ертеңі саналатын жас буынның тәрбиесіне бейжай қарамайық. Оларға жақсы орта, жарқын күндер мен жан-жақты даму үшін қолайлы жағдай жасайық. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*