ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨНЕРКӘСІПТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің инвестициялық және өнеркәсіптік орталығына айналып келе жатыр. Өңірдің инфрақұрылымдық, логистикалық және экономикалық әлеуеті шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр. Бұл үрдіс өз жалғасын тауып, жақында Түркістан облысында заманауи индустриалды аймақ пен Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті маңында халықаралық маңызы бар жаңа өндірістік хаб құру жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аясында өндірістік және технологиялық жобалар іске қосылмақ. Бұл бастама бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының инвесторы Чжоу Дань арасында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен инвестор арнайы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында жүзеге асырылатын «Түркістан» арнайы экономикалық аймағының индустриалды паркі – өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтетін маңызды бастама. Жоба үш кезеңмен іске асырылмақ. Оның басты мақсаты – ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, өндірісті, сатуды және қызмет көрсетуді біріктіретін интеллектуалды индустриялық кластер құру.

Инвесторлар өз жоспарында Орталық Азияда энергетикалық жабдықтар, энергия үнемдейтін жарықтандыру құрылғылары, тұрмыстық техника, құбырлар мен клапандар, металл өнімдері және тағы басқа жоғары сұранысқа ие өнім түрлерін өндіруді көздеп отыр. Бұл – Түркістан облысында жоғары технологиялы өндірісті дамыту және импортты алмастыру саясатын жүзеге асыру бағытындағы нақты қадам.

Жоба тек өндірістік әлеуетті арттырып қана қоймай, өңірдің халықаралық экономикалық байланысын нығайтуды мақсат етеді. Бұл бағытта Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекетінің маңы ерекше рөл атқармақ. Осы аймақта логистикалық хаб ретінде кедендік қоймалар, электронды коммерцияға бағытталған логистикалық жүйелер, заманауи инфрақұрылымы бар кеңселер мен тұрмыстық кешендер салынады.

Бұның нәтижесінде Түркістан облысы Орталық Азиядағы ірі сауда және логистикалық платформа ретінде қалыптасып, Қазақстанның оңтүстігіндегі өндіріс пен сауданың басты орталығына айналмақ.

Жобаның іске асуы өңір халқы үшін мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындардың біліктілігін арттырып, отандық мамандарды тарту арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен қатар, өндірілетін өнімнің басым бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етіп, артығы экспортқа шығарылады. Бұл облыс үшін валюта түсімін ұлғайтып, сауда балансының оң сальдосына ықпал етеді.

Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылатын бұл жоба – өңірлік экономиканы әртараптандырудың жарқын үлгісі. Мұнда тек өндіріс емес, инновациялық технологияларды енгізу, экологиялық стандарттарды сақтау, жасыл энергия көздерін пайдалану сияқты заманауи талаптар да қарастырылған.

Қытайлық инвесторлармен жасалған меморандум – Түркістан облысының ашық инвестициялық саясатының жемісі. Өңір әкімдігі инвесторларға жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту, рұқсат беру рәсімдерін жеделдету сынды қолдаулар көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді.

Жобаның жүзеге асуы Түркістан облысына тікелей шетелдік инвестиция ағынын арттырып, облыстың ЖӨӨ (жалпы өңірлік өнімін) едәуір өсіруге ықпал етеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба толық іске қосылғанда аймақтық өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5 есеге дейін артуы мүмкін.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша Қазақстанда көш бастап тұр. 2025 жылдың алғашқы 5 айында өңірдегі жалпы экономикалық өсім 120,4%-ды құрап отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 593 млрд теңгеден асып, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және көлік салаларында да оң серпін байқалады. Мұндай тұрақты өсім жаңа жобалардың іске асуына берік негіз болады.

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы мен «Түркістан» АЭА индустриалды паркі – Түркістан облысының өнеркәсіптік жаңғыруына жол ашатын маңызды бастама. Жоба өңірдің экономикалық құрылымын сапалы өзгертіп, халықаралық өндірістік және сауда байланыстарын күшейтеді. Сонымен қатар, бұл бастама ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың индустрияландыру мен инвестициялық серіктестікті дамыту жөніндегі тапсырмаларына толық сай келеді. Түркістан – тек рухани астана ғана емес, енді заманауи өнеркәсіп пен инновацияның да орталығына айналмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*