
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы»ретінде жарияланды. Бұл ұлттық бастама еліміздің болашағы саналатын балалар мен жасөспірімдерді, колледж, лицей, кәсіптік техникалық оқу орындарында оқитын жастарды жұмысшы мамандықтарға баулуға, олардың беделін арттыруға бағытталған. Түркістан облысында бұл бастама техникалық және қолданбалы бағытты таңдаған оқушылар мен студенттерге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Облыс экономикасы дамып жатқан қазіргі кезеңде жеңіл және өндірістік өнеркәсіпке тек мамандар емес, сонымен қатар жауапты, даярланған және ынталы жас кадрлар қажет. Олар оқу барысында-ақ нақты өндірістік процестерге қатысып, өз үлесін қоса алады.
Осындай игі істердің жарқын үлгісі ретінде Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжі мен өңірдегі ірі кәсіпорын – «Turkestan Textile» ЖШС арасындағы тығыз ынтымақтастықты айтуға болады. Қазіргі уақытта «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша білім алып жатқан, көбісі 16–17 жастағы колледж студенттері осы кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтуде. Олар тәжірибелі мамандармен қатар жұмыс істеп, теориялық білімін өндірістік дағдымен ұштастырып, құнды тәжірибе жинақтауда.
Дуалды оқыту жүйесінің енгізілуі – яғни теория мен практиканың қатар жүруі – жастарға шынайы еңбек жағдайына бейімделуге, тәртіп пен технологияны сақтауға, командалық ортада жұмыс істеуге, еңбекке деген жауапкершілік қалыптастыруға жол ашты. Бұл көптеген жастар үшін ересек өмірге жасаған алғашқы нақты қадам. Олар өз еңбегінің маңыздылығын түсініп, өздерін қоғамға қажетті маман ретінде сезіне бастады.
«Turkestan Textile» ЖШС директоры Алишер Абултаев бұл серіктестіктің келешекте кеңейетінін атап өтті:
«Біз тек тәжірибе алаңын ұсынып отырған жоқпыз. Біз балалар мен жасөспірімдерге өндірістік дағдыны үйретіп, еңбектің қадірін түсіндіруге тырысамыз. Қазірдің өзінде біз кейбір студенттерді оқуын бітірген соң жұмысқа қабылдауға дайынбыз».
Колледж ұстаздары да студенттердің ынтасында айтарлықтай өзгерістер бар екенін айтып отыр: бұрын жұмысшы мамандықтарына сенімсіз қараған оқушылар бүгінде өз қолымен тіккен бұйымдарын, жобаларын, өндірістік жетістіктерін мақтанышпен көрсетуде. Кейбірі жеке үлгідегі алғашқы бұйымдарын жасап, республикалық және аймақтық байқауларға қатысуға дайындалуда.
Аймақта бұл бастаманы Түркістан облыстық білім басқармасы үйлестіруде. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында оқушылар мен жастарға арналған форумдар өткізу, мектеп оқушыларын колледждерге апарып таныстыру, 9–11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру бағдарламасын енгізу жоспарда бар. Мұның бәрі балалар мен жасөспірімдерге еңбек пен кәсіптік дайындықтың мәнін ертерек түсіндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап Түркістан мектептерінің жоғары сыныптарына кәсіби өзін-өзі анықтау модулі енгізіледі. Бұл балаларға түрлі жұмысшы мамандықтарымен танысуға, қысқа мерзімді өндірістік тағылымдамалардан өтуге, мамандық таңдауына көмектеседі. Мұндай әдістер колледж студенттері арасында сәтті іске асып жатқанын көрсетіп отыр.
Осылайша, Түркістанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» балалар мен жасөспірімдер үшін нақты даму алаңына айналуда. Жастар еңбекке бауланып қана қоймай, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға мүмкіндік алуда. Мамандыққа ерте бағытталу, тәжірибе және тәлімгерлік арқылы жастардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және өзін-өзі дамытуға деген ынта қалыптасуда.
Міне, осындай жан-жақты қолдау мен жүйелі жұмыстың арқасында Түркістанда ертеңгі бәсекеге қабілетті жаңа буын жас мамандар қалыптасып келеді.
Пікір қалдыру