Түркістанда балалар кітапханасында «Таңдаулы туынды – 2025» акциясы аясында әдеби кеш өтті

ТҮРКІСТАН – Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында «Түркістанның таңдаулы туындысы – 2025» акциясы аясында танымдық әдеби сағат ұйымдастырылды. Іс-шараға белсенді жас оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері қатысып, жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын кеңінен талқылады.

Әдеби кештің негізгі мақсаты – Түркістан өңірінен шыққан талантты ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттап, жас буынды әдебиетті сүюге баулу. Сонымен қатар, туған өлкенің рухани құндылықтарын дәріптеп, оқушыларға жергілікті авторлардың шығармалары арқылы патриоттық тәрбие беру де басты назарда болды.

Іс-шара барысында оқырмандар Бақытжан Алдияр, Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбай және Мұқағали Кенжетайұлының шығармашылығымен жақынырақ танысты. Кітапхана ұжымы арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, авторлардың өмір жолы мен әдеби мұрасы жайлы кең көлемде ақпарат ұсынды.

Жас оқырмандар ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, сұрақ-жауап форматында өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әдеби сағатқа қатысушылар тек оқырман ретінде ғана емес, өнерпаз ретінде де көзге түсті – кеш барысында домбырада күй шалып, шығармашылық қабілеттерін танытты.

Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай әдеби-танымдық іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып отырады және балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға айтарлықтай ықпал етеді.

«Бүгінгі шара жас буынның әдебиетке деген ынтасын оятып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Түркістаннан шыққан қаламгерлердің шығармалары арқылы балалар ұлттық рухты сезінеді, сөз өнерінің құдіретін түсінеді», – деді кітапхана өкілі.

Бұл акция өңірлік деңгейде жалғасып, 2025 жылдың үздік туындысын айқындайтын маңызды мәдени бастамалардың біріне айналмақ. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта тағы да осындай әдеби кештер өткізіліп, жас оқырмандар арасында шығармашылық байқаулар ұйымдастырылатынын жеткізді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*