
2025 жылғы 1–14 тамыз аралығында Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шара өтуде. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындардың экологиялық әрі құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Шараны Шымкент қалалық Полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруда. Рейдтік жұмыстар аясында қала аумағында тазалық нормаларын бұзған тұрғындар мен кәсіпкерлер анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзып, құқықтық тәртіпке нұқсан келтірген азаматтарға да заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылды.
Іс-шара барысында шаһардың барлық аумағында, атап айтқанда, көпқабатты үйлердің аулаларында, орталық көшелерде, саябақтарда, скверлерде және басқа да қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары күшейтілді. Арнайы құрылған жұмыс топтары әр аудандағы санитарлық жағдайды жіті бақылауға алып, тұрмыстық қалдықтардың дұрыс жиналуы мен шығарылуын назарда ұстауда.
Қала тұрғындарына қоқысты рұқсат етілмеген орындарға тастауға болмайтыны, бұл әрекеттерге заң жүзінде қатаң жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескерту жасалды. Сонымен қатар, азаматтарға өз аулаларын таза ұстау, жасыл желектерге күтім жасау және айналасындағы тазалықты сақтауда белсенді болу қажеттігі айтылды.
«Таза Қала» іс-шарасы экологиялық тәрбиенің маңызын айқын көрсетуде. Қаланың көркеюі тек билік тарапынан ғана емес, әрбір тұрғынның белсенділігіне де байланысты. Сол себепті құзырлы органдар қала халқына тұрмыстық қалдықтарды арнайы контейнерлерге тастауға, аулаларда, көшелерде, қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтауға, өзара сыйластық пен тыныштықты құрметтеуге үндейді.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен жастарға экологиялық білім беру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эколог мамандар мен тәртіп сақшылары оқушыларға қоршаған ортаны аялаудың маңыздылығын түсіндіріп, тазалық – қоғамның мәдени деңгейінің айнасы екенін жеткізуде.
«Таза Қала» акциясы арқылы қаланың келбеті ғана емес, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігі де арта түсуде. Мұндай кешенді шаралар болашақта экологиялық апаттардың алдын алып, ұрпаққа таза әрі жайлы өмір сүруге мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Қалалық билік пен құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын, әр азаматтың жеке үлесі қаланың тазалығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін еске салады. Шымкентті таза, жайлы және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қалаға айналдыру – барша тұрғындардың ортақ парызы.
Пікір қалдыру