
Абай күні қарсаңында Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтауды назардан тыс қалдырған жоқ. Ел тыныштығын күзетіп жүрген жауынгер жастар қазақ әдебиетінің алыбы Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттап, рухани құндылыққа құрмет көрсетті.
Солардың бірі – қатардағы Бақытжан Артықбай. Бала күнінен әдебиетке әуес болған жас сарбаз бастауыш сыныптан бастап Абайдың өлеңдерін жаттап өскен. Уақыт өте келе республикалық деңгейдегі Абай оқуларына қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Бүгінде ол ұлы ақынның 50-ден астам өлеңін жатқа біледі.
– Абайдың әрбір сөзі – парасат пен адамгершілікке үндейтін терең мағынаға толы. Әскери өмір тәртібімен қатар бос уақытымда Абай өлеңдерін қайталап, ішкі дүниемді байытуға тырысамын. Оның өлеңдерінен рух, тәрбие мен елге деген сүйіспеншілік сезіледі, – дейді жас ұлан.
Ұлттық ұлан сапында Абай шығармашылығына ерекше құрметпен қарайтын тағы бір сарбаз – қатардағы Жұлдызбек Ромашев. Анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған ол Абай өлеңдерімен ерте танысып, мектеп қабырғасында-ақ терең оқып өскен. Жұлдызбек те республикалық Абай оқуларының жүлдегері атанған. Қазір ол өз қатарластары арасында Абайдың өнегелі сөзін насихаттап, өлеңдерін жатқа оқып, рухани ортаның қалыптасуына үлес қосып келеді.
Қос сарбаздың бастамасымен бөлім ішінде Абай шығармашылығына арналған әдеби бұрыш ұйымдастырылып, күн сайын саптан тыс уақытта жауынгерлер ұлы ақынның өлеңдерін бірге оқып, мағынасын талқылайды. Бұл шаралар әскери өмірдің қаталдығына қарамастан, сарбаздар арасында руханият пен мәдениеттің орнын айқындауға сеп болды.
Айта кетейік, биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпіріндегі Ұлттық ұлан бөлімдерінде Абай апталығы, поэзия кештері, әдеби байқаулар және шығармашылық оқулар ұйымдастырылуда. Бұл шаралардың барлығы жастарды ұлттық рухқа тәрбиелеуге, сөз құдіретін бағалауға және ұлы мұраны жаңа буынға жеткізуге бағытталған.
Абай – ұлттың рухани темірқазығы. Ал оның мұрасын құрметтеп, дәріптеп жүрген жас сарбаздар – елдің болашағы. Олар тек шекараны ғана емес, ұлттық болмысты, мәдениетті және руханиятты да қорғаушылар.
Пікір қалдыру