
Шымкент қаласында тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және заманауи қоғамдық көлік қызметін ұсыну бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтар – көлік паркін жаңарту, экологиялық тиімділікті арттыру және цифрлық басқару технологияларын енгізу болып табылады.
2024 жылы қалада көлік құрамын жаңарту жұмыстары аясында 58 жаңа автобус сатып алынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 28 шағын автобус – шалғай орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алаптарға бағытталса, 30 үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар жолаушылар тасымалын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Барлық көлік құралдары желдеткіш жүйесімен, бейнебақылау, навигация, электронды төлем жүйесімен және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту – қаланы дамытудағы негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Әкім жауапты мекемелерге автобустардың тазалығы мен техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды, сонымен қатар, қозғалыс кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қоғамдық көлік жүйесін жаңартумен қатар, қала әкімдігі экологиялық ахуалды жақсарту шараларын да қолға алып отыр. Осы орайда «Shymkent Bus» ЖШС тарапынан газ-метан отынымен жүретін 179 жаңа автобусты кезең-кезеңімен жеткізу жоспарланған. Жаңа автобустарды енгізу – тек жолаушыларға қолайлы жағдай жасау ғана емес, қоршаған ортаны қорғау және ауа сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 82 тұрақты бағыт бойынша 984 автобус күн сайын жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 79 бағыт – әлеуметтік маңызы бар. Қоғамдық көлік қызметін 11 түрлі компания жүзеге асырып отыр. Қалалық автобус паркінің жалпы саны – 1173 бірлікті құрайды.
Қолданыстағы автобустардың 615-і сығымдалған газ-метан отынымен, ал 558-і дизель отынымен жұмыс істейді. Бұл да қаладағы көлік жүйесінің біртіндеп экологиялық стандарттарға өтіп жатқанын көрсетеді.
2025 жылға қарай жолаушылар көлігін дамытудың жаңа кешенді схемасы әзірленетін болады. Бұл шешім қала аумағының қарқынды өсуімен, жаңа тұрғын үйлер мен өндіріс аймақтарының ашылуымен, жол инфрақұрылымының кеңеюімен байланысты қабылдануда. Жаңа схема маршруттық желіні тиімді етіп қайта құруға, жолаушылар ағынын оңтайлы бөлуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыру мақсатында қаланың көлік жүйесіне «Avtobys» цифрлық басқару жүйесі енгізілді. Бұл жүйе электронды билеттеу, жолаушылар ағынын бақылау, қозғалысты нақты уақыт режимінде қадағалау және есеп беру мүмкіндіктерін қамтиды. Нәтижесінде тасымалдау процесі ашық әрі тиімді бола түседі.
2025 жылдың алғашқы жеті айында Шымкент қаласында қоғамдық көлікпен 49,8 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Бұл – көлік қызметіне деген жоғары сұранысты және тиімділіктің артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Қоғамдық көлікті жаңғырту – тек жаңа автобустармен толықтыру емес. Бұл – кешенді жұмыс, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау және қоршаған ортаны қорғау.
Шымкентте қолға алынған бұл шаралар болашақта тұрғындар үшін қолайлы, экологиялық таза және заманауи қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыруға негіз қалайды. Жүйелі жаңғырту жұмыстары өз нәтижесін беріп, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосатыны анық.
Пікір қалдыру