ШЫМКЕНТТЕ «БІЗ БІРГЕМІЗ» ДОСТЫҚ ЛАГЕРІ ӨТТІ: ЖАСТАР БІРЛІК ПЕН ПАТРИОТИЗМ МАҢАЙЫНДА ТОПТАСТЫ

Жастар арасында ұлттық бірлік құндылықтарын нығайтуға, патриоттық тәрбиені күшейтуге және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды шара Шымкент қаласында өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының бастамасымен ұйымдастырылған «Біз біргеміз» достық лагері екі күнге созылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастарды бір арнаға тоғыстырды.

Іс-шара Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен, табиғаты көркем «Красные скалы» демалыс аймағында ұйымдастырылды. Лагерьдің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыру, бірлік, ынтымақ пен татулықты ұлықтау, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды нашақорлық, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық пен ысырапшылдықтан арылту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға жастарды жұмылдыру болды.

Лагерь қатысушыларына әртүрлі бағыттар бойынша танымдық семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Team Coaching, Career Coaching, Relationship Coaching, Life Coaching және құқықтық сауаттылық тақырыптарында тәжірибелі мамандар дәріс оқыды.

Спикерлер қатарында:

  • «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев,

  • «AMANAT» партиясының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары, жастар жанашыры Жандос Қалтаев,

  • Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нариман Базарбаев,

  • кәсіби пікірсайысшы, жаттықтырушы Алмас Толықбаев,

  • кәсіби профориентатор Сейдулла Исмаил болды.

Мамандар жастармен ашық пікір алмасып, тұлғалық даму, кәсіптік бағдар, құқықтық жауапкершілік, өзара қарым-қатынас мәдениеті және өмірлік мақсат қою бойынша құнды кеңестер берді.

Лагерь аясында жастар Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспановпен кездесті. Спортшы өз мансап жолы мен жетістіктері туралы әңгімелеп, салауатты өмір салтының артықшылықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, тәртіп пен табандылықты тәрбиелейтін маңызды құрал.

Сонымен қатар, экологиялық сана мен қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру мақсатында экосауаттылыққа арналған шағын пікірталас пен тәжірибелік жаттығулар ұйымдастырылды. Жастар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау және ресурстарды үнемді пайдалану жөнінде мағлұматтар алды.

Екі күнге созылған лагерь бағдарламасы жастардың қызығушылығына сай түрлі белсенділікпен толықты. Спорттық жарыстар, бампербол турнирі, топтық тренингтер, өнер байқаулары, тимбилдинг ойындары арқылы қатысушылар өзара достық қарым-қатынасты нығайтып, ортақ мақсаттар төңірегінде топтасты.

Жастар алған әсерімен бөлісіп, мұндай лагерьлердің рухани, әлеуметтік әрі тұлғалық даму тұрғысынан аса маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсаты – Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігін нығайта отырып, жастарды қолдау, дамыту және біріктіру. Бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағыттары аясында жастардың бастамаларын қолдап, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, мәдени-ағартушылық жұмыстарды жүйелі жүргізуге, этностар арасындағы диалог пен өзара құрметті дамытуға күш салады.

Сонымен қатар, этнос жастарын мемлекеттік тілді үйренуге, патриоттық тәрбиені арттыруға, волонтерлік пен қайырымдылыққа тарту, демократиялық және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – ұйым жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*