
Бүгінгі таңда интернет — біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Онлайн банкинг, әлеуметтік желілер, интернет-дүкендер және басқа да цифрлық қызметтер адамдардың күнделікті іс-әрекетін жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге көмектесуде. Алайда бұл мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерлер де көбейіп келеді. Соның бірі — интернет алаяқтық.
Осыған байланысты Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасы тұрғындарға интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері және одан қорғанудың тиімді жолдары туралы ескертеді.
1. ЖЕКЕ АҚПАРАТТЫ ҚОРҒАҢЫЗ
Интернет алаяқтардың ең басты мақсаты — сіздің жеке немесе қаржылық деректеріңізге қол жеткізу. Олар жеке куәлік нөмірі, банк шоты, логин мен құпия сөз сияқты маңызды мәліметтерді түрлі тәсілмен алуға тырысады. Есіңізде болсын:
-
Бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді ешқашан бермеңіз.
-
Электронды поштамен немесе мессенджер арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз.
-
Өздерiн банк не полиция деп таныстырғандарға сақ болыңыз. Олар сұраған ақпаратты бермес бұрын, ресми нөмірлерге хабарласып, растаңыз.
2. ЖЕЛІЛІК ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІҢІЗ
Цифрлық құрылғыларыңыз да қорғалуы тиіс. Бұзылған немесе дұрыс қорғалмаған желі арқылы алаяқтар сіздің құрылғыңызға еніп, ақпарат ұрлауы мүмкін.
-
Ашық Wi-Fi желілеріне (мысалы, қоғамдық орындарда) қосылмауға тырысыңыз. Қосылған жағдайда — VPN қолданыңыз.
-
Смартфон, планшет, ноутбук сынды құрылғыларыңызда антивирус пен брандмауэр орнатулы болуы шарт және оларды үнемі жаңартып отырыңыз.
3. КҮШТІ ҚҰПИЯ СӨЗДЕР — ҚАУІПСІЗДІК НЕГІЗІ
Көпшілік бір құпия сөзді бірнеше аккаунтта қолданады. Бұл — алаяқтардың ісін жеңілдетеді.
-
Әр аккаунтқа бірегей әрі күрделі құпия сөз қойыңыз (әріп, сан, таңба қолдану).
-
Құпия сөзді жүйелі түрде өзгертіп отырыңыз.
-
Екі сатылы идентификацияны (2FA) қосыңыз — мысалы, SMS код немесе арнайы қосымша арқылы растау.
4. ФИШИНГ СІЛТЕМЕЛЕР МЕН ЖАЛҒАН САЙТТАРҒА АБАЙ БОЛЫҢЫЗ
Фишинг — интернет алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі. Мұндай шабуыл кезінде алаяқтар өздерін банк, пошта немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, жалған сайттарға өтуді сұрайды.
-
Хаттағы немесе хабарламадағы сілтемені баспас бұрын URL-ды тексеріңіз.
-
Ресми сайттарда мекенжай “https://” форматында болуы және 🔒 құлпы белгісімен қорғалуы тиіс.
-
Атауында ұқсас сөздер қолданылған жалған сайттардан сақ болыңыз.
5. ҚАРЖЫҒА ҚАТЫСТЫ БАРЛЫҚ АҚПАРАТТЫ БАҚЫЛАП ОТЫРЫҢЫЗ
Онлайн төлем жасаған кезде сақтық аса маңызды. Алаяқтар жалған төлем жүйелері, жеңілдікпен ұсынылатын тауарлар және арзан бағалар арқылы тұзақ құрады.
-
Тек тексерілген, танымал сайттардан сауда жасаңыз.
-
Қаржылық операциялар туралы SMS немесе push-хабарламаларды қадағалап отырыңыз.
-
Банктік шоттарыңызды жиі тексеріп, күмәнді әрекет байқалса — дереу банкке хабарласыңыз.
6. «ЦИФРЛЫ ҰСТАУ» — DIGITAL ARREST: ЖАҢА ТҮРДЕГІ АЛАЯҚТЫҚ
Соңғы уақытта интернет алаяқтар жаңа әдіске көшкен — “digital arrest”, яғни өзін полиция, прокуратура немесе қаржы бақылау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, “тергеуге іліндіңіз” деп қорқыту.
-
Ешбір құқық қорғау органы азаматты телефон арқылы “ұстамайды” және жеке деректерді талап етпейді.
-
Мұндай жағдайда дереу 102 немесе ресми мекеменің сенім телефонына қоңырау шалыңыз.
Интернет алаяқтық — кез келген адамның басынан өтуі мүмкін қауіп. Бірақ ақпараттандырылған адам қашанда қауіпсіз болады. Сондықтан цифрлық қауіпсіздікті сақтау — тек ІТ мамандардың емес, әр азаматтың жауапкершілігі.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы барша тұрғындарды сақ болуға шақырады. Кез келген күмәнді жағдайда полицияға немесе банктің ресми байланыс орталығына хабарласыңыз
Пікір қалдыру