
2025 жылдың алғашқы бес айында Созақ ауданы бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң серпінге қол жеткізді. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз жиынында мәлімдеді.
Аудан экономикасына 81,5 млрд теңгеден астам тікелей инвестиция тартылып, жалпы өңірлік өнім көлемі 380 млрд теңгеден асты. Бұл — өңір тарихындағы ірі көрсеткіштердің бірі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен өнім көлемі жылдан-жылға артып келеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл шаруашылығы саласына 138,7 млн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл қаржы негізінен егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, жаңа технологияларды енгізу және су үнемдеу жүйелерін дамыту бағыттарына жұмсалды.
2025 жылғы көктемгі егіс науқанында өңір шаруалары 14 638 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде:
-
Арпа – 1438 гектар,
-
Бидай – 370 гектар,
-
Мақсары – 1100 гектар,
-
Жүгері – 760 гектар жерге орналастырылған.
Климаттық жағдайдың күрделі болуына қарамастан, шаруалар заманауи әдістерді белсенді қолдануда. Атап айтқанда, 163,9 гектар жерге жаңбырлатып суару, 33 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Бұл тәсілдер су ресурстарын үнемдеуге және өнімділікті арттыруға септігін тигізуде.
Өңірде мал шаруашылығы бағытында да қарқынды даму байқалады. Жыл басынан бері ауданда:
-
9 мың тоннаға жуық ет және сүт өнімдері,
-
750 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Шаруалар заманауи мал бордақылау және сүт фермаларын іске қосып, өнімді өңдеу бағытында да бастамалар көтеріп отыр.
Ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саладағы жұмыстармен қатар, аудан индустриялды-инвестициялық жобалармен де белсенді жұмыс жүргізуде. 2026 жылы Тайқоңыр елді мекенінде жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы құны 113,5 млрд теңге болатын бұл жоба өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Зауыт іске қосылған соң 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл — жұмыссыздықты азайтуға және өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған нақты қадам.
Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы бес айында:
-
1 826 азамат әлеуметтік қолдаумен қамтылды.
-
Ұлттық жобалар аясында 136 жұмыс орнын ашу көзделсе, қазіргі таңда 28 жұмыс орны ашылып үлгерді.
-
«Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» бойынша 1 387 жұмыс орны жоспарланып, оның 880 орны ашылды.
-
Бос жұмыс орындарына 554 адам жолданды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,9% шамасында.
-
Сонымен қатар, 78 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Созақ ауданы — тек ауыл шаруашылығы емес, сонымен қатар инвестициялық, өндірістік және әлеуметтік салаларда да тұрақты дамып келе жатқан өңір. Су үнемдеу технологияларын енгізу, егін және мал шаруашылығын дамыту, ірі өндіріс орындарын салу сияқты бастамалар ауданның болашағына деген сенімді нығайта түсуде.
Пікір қалдыру