
Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған Ғазиз Байтасов атындағы ХХ мерейтойлық Республикалық жас жол инспекторларының (ЖЖИ) слёті биыл ерекше форматта өтті. Ауқымды шара алғаш рет халықаралық деңгейге көтеріліп, оған қазақстандық қатысушылармен қатар Қырғыз Республикасының жас инспекторлары да қосылды. Бұл бастама жасөспірімдер арасында жол қозғалысы ережелерін насихаттау мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға тың серпін берді.
Слетке еліміздің барлық өңірлерінен жүздеген оқушы жиналды. Қатысушылар бірнеше күн бойы жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша өз мүмкіндіктерін сынады. Сонымен қатар олар шығармашылық және тәжірибелік сайыстарға қатысып, өз өнерлерін паш етті. Әрбір кезең жас инспекторлардың жауапкершілігі мен білімін, шапшаңдығы мен ұқыптылығын айқындай түсті.
Шымкент қаласының атынан №68 жалпы орта мектептің 7 оқушысынан құралған команда бақ сынады. Командалық рух пен ынтымақтың арқасында жас шымкенттіктер бірқатар сындардан сүрінбей өтіп, үздіктер қатарынан табылды. Әсіресе 11 жасар Мақұлбек Айнұр ерекше көзге түсіп, «Ең жас жол инспекторы» аталымын жеңіп алды. Бұл марапат жасөспірімнің жол қозғалысы ережелеріне деген қызығушылығы мен жауапкершілігін айқын көрсетті.
Сонымен бірге, Шымкент командасының тағы бір мүшесі – Бүркітбай Ғазиза «Ең үздік топ командирі» номинациясына ие болды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеті қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, топтың табысты өнер көрсетуіне айтарлықтай ықпал етті.
Мерейтойлық шараның басты ерекшелігі – жасөспірімдерге жол қауіпсіздігі тақырыбын ойын және жарыс түрінде жеткізе отырып, олардың заңға құрметін арттыру және тәртіп сақтаудың маңызын түсіндіру. Балалар тек теориялық білімдерін ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік дағдыларын да шыңдап, нақты жағдайларда өзін-өзі ұстау тәсілдерін меңгерді.
Шара барысында ұйымдастырушылар қатысушыларға жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – тек ересектердің емес, әрбір баланың да ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Мұндай байқаулар жас ұрпаққа тәртіпке баулып қана қоймай, оларды көшбасшылыққа, ұйымшылдыққа, және жауапкершілікке үйретеді.
ЖЖИ слеті жыл сайын балалардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың бойына қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Ал халықаралық деңгейге шығуы бұл бастаманың ауқымын кеңейтіп, жас инспекторлар қозғалысын жаңа деңгейге көтерді.
Шымкенттік оқушылардың жеңісі қала мектептерінде де үлкен қуанышпен қарсы алынды. Жас инспекторлардың жетістігі өз қатарластарына үлгі болып, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетіне деген қызығушылықты арттырары сөзсіз.
Пікір қалдыру