Шымкенттік полицейлер өртенген көлікті дер кезінде сөндіріп, үлкен апаттың алдын алды

желіден алынған

Шымкент қаласында кезекшілік атқарып жүрген полиция қызметкерлері көліктен шыққан өртті дер кезінде сөндіріп, ықтимал ауыр зардаптардың алдын алды. Бұл оқиға Сайрам елдімекеніндегі орталық көшелердің бірінде орын алып, қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін сақшылардың кәсіби шеберлігі мен батылдығы тағы бір мәрте айқындалды.

Патрульдік полиция полкінің 3-рота инспекторлары – полиция аға лейтенанттары Өскенбай Бексұлтан Мұханұлы мен Хамра Нұрсұлтан – қызметтік міндеттерін орындау барысында көліктің отқа оранғанын байқап қалады. Олар еш кідірместен оқиға орнына жақындап, жүргізуші мен айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу әрекет етті.

Алдымен тәртіп сақшылары жағдайды жедел бағалап, қызметтік автокөлікте бар өрт сөндіргіш құралын пайдаланып, алғашқы өрт сөндіру шараларын жүргізді. Бұл сәтте көліктің мотор бөлігі қызу жалынға оранған болатын. Қажетті алғашқы шаралардан кейін полицейлер жақын маңдағы көгалды суаруға арналған су шлангіні пайдаланып, жалынды толықтай ауыздықтады. Өрт сөндіру қызметі келгенше көлік толықтай сөндіріліп, төтенше жағдай аумағы бақылауға алынды.

Оқиға куәгерлері полиция инспекторларының батыл қадамына ризашылықтарын білдіріп, олардың әрекетінің арқасында көліктің жанып кетуінен туындауы мүмкін болған үлкен шығынның алдын алғанын атап өтті. Ал көлік жүргізушісі тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыс айтып, олардың жылдам әрі кәсіби іс-қимылы өз өмірін ғана емес, айналадағы азаматтардың да қауіпсіздігін сақтағанын ерекше атап өтті.

Айта кету керек, көлік құралдарында өрт қауіпсіздігін сақтау барша жүргізуші үшін аса маңызды. Арнайы мамандардың айтуынша, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды көлік ішінде сақтау қауіпті. Сондай-ақ, аккумуляторды көліктің өз ішінде зарядтамау қажет. Әрбір жүргізуші көлік құралында жарамды өрт сөндіргіш құралын алып жүруді әдетке айналдыруы тиіс. Бұл қарапайым ереже оқыс жағдай кезінде үлкен апаттың алдын алуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының полицейлері азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін тәулік бойы қызметін жалғастыруда. Күнделікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, олар кез келген төтенше жағдайда жедел көмек көрсетуге әзір екенін осындай мысалдар дәлелдей түседі. Полиция департаментінің басшылығы бұл жағдайды жеке құрам үшін үлгі ретінде атап өтіп, әрбір қызметкердің басты міндеті – халықтың қауіпсіздігі екенін тағы бір мәрте еске салды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*