Тәртіп пен қырағылық – қауіпсіз қала кепілі

желіден алынған

Шымкент қаласында полиция қызметкерлерінің дәстүрлі гарнизондық жиыны ұйымдастырылып, онда құқық қорғау органдарының жеке құрамы қызметтік міндеттерді орындауға ресми түрде бағытталды. Бұл ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасына сәйкес өткізілді. Жиынға Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов қатысып, тәртіп сақшыларына маңызды нұсқаулар берді.

«Наурыз» алаңында өткен жиынға департаменттің барлық жеке құрамы, аудандық басқармалардың басшылары мен қызметкерлері толық сапқа тұрды. Мемлекеттік әнұран орындалып, саптық байқаудың негізгі элементтері жоғары деңгейде көрсетілді. Бұл рәсім құқық қорғау саласында тәртіп пен ұйымшылдықтың айқын белгісі болып, әрбір полиция қызметкерінің кәсіби дайындық деңгейін көрсетіп берді.

Гарнизондық жиынға миллионды қала Шымкенттің тәулік бойғы тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мыңға жуық полиция қызметкері қатысты. Олардың қатарында бес аудандық басқарманың жеке құрамдары мен басшылары, ЖПҚБ патрульдік полиция полкі, учаскелік инспекторлар, Күзет басқармасы, Ұлттық Ұлан әскери қызметшілері, Жедел қимылдайтын арнайы жасақ және кинология қызметінің өкілдері бар. Сонымен қатар қала аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын қызметтік автокөліктер де жұмылдырылды.

Саптық байқау барысында тәртіп сақшылары әрбір элементті нақты әрі үйлесімді орындай отырып, өздерінің қызметке даяр екендіктерін айқын көрсетті. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде «Заң және тәртіп» қағидаты басты бағдар болатыны ерекше атап өтілді. Сондай-ақ жиын барысында «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол», «Таза Қазақстан» сияқты маңызды профилактикалық іс-шаралардың барысы туралы мәліметтер жеткізілді.

Жиынға 50-ге жуық ерікті қатысты. Олар полиция қызметкерлерімен бірге қоғамда тәртіпті сақтауға атсалысып, құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіне үлес қосып жүр. Осыған орай қоғамдық көмекшілерге алғыс айтылып, бірқатарына марапаттар табысталды. Бұл қадам полиция мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға бағытталды.

Іс-шара соңында тәртіп сақшылары саптық жүріспен алаңды айналып өтті. Бұл көрініс полицейлердің қызметтік дайындығы мен бірлігін паш етті. Гарнизондық қызметке тарату жиыны полицияның қала тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі үздіксіз еңбегін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*