
Үшінші мегаполиста маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерде тазалықты сақтау және халық арасында экологиялық мәдениетті нығайту болып табылады. Аталған игі іске қаладағы түрлі мекемелермен қатар Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері де белсенді түрде атсалысты.
Басқарма ұжымы тазалық жұмыстары аясында қаланың Түркістан және А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан «Спутник» скверінде арнайы сенбілік ұйымдастырды. Полиция қызметкерлері коммуналдық сала мамандарымен бірлесе отырып, қоғамдық орындарды күл-қоқыстан тазартты, көгалды аймақтардағы қалдықтарды жинады, демалушыларға арналған орындарды ретке келтірді. Мұндай шаралар тек қоршаған ортаны жақсартуға ғана емес, сонымен бірге тұрғындарға үлгі болуға бағытталған.
Іс-шара барысында полицейлер тазалық пен салауатты өмір салтының өзара тығыз байланысы туралы ерекше тоқталды. «Таза қала – болашақтың кепілі» деген ұранды алға тартқан қызметкерлер тек көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартумен шектелмей, жүрек пен жан дүниені де зиянды әдеттерден арылту керектігін баса айтты. Олар халықты денсаулыққа зиян келтіретін есірткіден аулақ болуға шақырып, оны өмірді улайтын қауіпті құбылыс деп атап өтті.
«Есірткі – адам өмірін ластайтын у. Ол тек денсаулықты ғана емес, адамның армандарын, болашағын, отбасылық бақыты мен қоғамдағы орнын да жояды. Біз әрқашан таза ортаны, таза ойды және таза өмірді таңдаймыз. Бұл – болашағымыздың кепілі. Тазалық – денсаулықтың бастауы, ал есірткіге біздің қоғамда жол жоқ», – деді іс-шараға қатысқан полицейлердің бірі.
Акция барысында қала тұрғындары полиция қызметкерлерінің белсенділігіне оң бағасын берді. Көпшілік мұндай сенбіліктердің тек экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, жастардың сана-сезіміне де әсер ететінін атап өтті. Тәртіп сақшыларының өзі тікелей қатысуы тұрғындар арасында сенімді арттырып, қоғамның ортақ жауапкершілігін күшейтеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ел аумағында жалғасуда. Бұл игі шараға түрлі сала өкілдерімен қатар жастар ұйымдары мен еріктілер де тартылып отыр. Шымкенттегі полиция қызметкерлерінің үлгісі – табиғатты қорғауға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамда «Есірткісіз болашақ» қағидатын орнықтыруға қосқан үлес.
Шымкент қаласының Полиция департаменті алдағы уақытта да мұндай бастамаларды қолдап, экологиялық мәдениетті арттыруға және жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған шараларды жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді.
Пікір қалдыру