
Шымкент қаласында цифрлық технологияларды енгізу бойынша ауқымды жоба бастау алды. Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Ақылды қала» жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин қол қойып, екі тараптың серіктестікке дайын екендігін ресми түрде растады.
Меморандум шеңберінде қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, қауіпсіздік деңгейін көтеруге және инфрақұрылымды тиімді басқаруға бағытталған озық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Жоба «Smart Shymkent» жол картасына сәйкес жүзеге асырылып, заманауи технологияларды тестілеу және оларды қаланың күнделікті өміріне интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
Келісім аясында Шымкент қаласында 13 пилоттық жоба іске қосылмақ. Олардың қатарында:
-
Дрон инфрақұрылымы – жолдардың жағдайын бақылау, қоқыс шығаруды қадағалау, заңсыз құрылыс нысандарын анықтау, жол белгілерін орнату секілді қалалық инфрақұрылымға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
-
Жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау жүйелері – қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
-
«Ақылды» есептегіштер – коммуналдық ресурстарды тиімді басқаруға және тұтыну көлемін нақты есептеуге көмектеседі.
-
Экологиялық мониторинг – қаланың ауасы, суы және басқа да қоршаған орта көрсеткіштері бойынша нақты мәліметтерді үздіксіз жинап, ластану деңгейін бақылауға мүмкіндік береді.
-
Ұлттық бейнемониторинг жүйесі – қалалық бақылауды күшейтуге, деректерді жедел өңдеуге және қауіп-қатердің алдын алуға жағдай жасайды.
-
Медициналық ЖИ шешімдері – CerebraAI секілді жүйелер арқылы инсультті ерте анықтау, сондай-ақ «ЖИ-терапевт» жобасы шеңберінде тұрғындардың денсаулығына қашықтан талдау жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
-
Жол сапасын бақылау жүйесі – жол жамылғысының жағдайын нақты бағалап, жөндеу жұмыстарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
-
GovTech платформасы – мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру арқылы тұрғындармен өзара байланысты оңайлатуға бағытталған.
-
Смарт-бейнежетондар – қауіпсіздік қызметкерлерінің қызметін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
-
Jardem 109 – азаматтар үшін бірыңғай байланыс орталығы, бұл жүйе арқылы тұрғындар түрлі сұрақтар мен мәселелер бойынша жедел көмек ала алады.
Жаңа цифрлық жүйелер қаланың жалпы инфрақұрылымын орталықтандырылған бақылау жүйесіне біріктіреді. Бұл өз кезегінде қала әкімдігіне жедел әрі сапалы шешімдер қабылдауға, түрлі төтенше жағдайларға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, дрон инфрақұрылымы тек қана бақылау мақсатында емес, нақты әрекет ету үшін де пайдаланылады. Мысалы, жол жөндеу жұмыстарының сапасын бағалау немесе құрылыс нысандарының заңдылығын тексеру сынды міндеттерді автоматты түрде жүзеге асыру мүмкін болады.
Сонымен қатар, қалада экологиялық жағдайды үнемі бақылап отыруға мүмкіндік беретін арнайы жүйелер орнатылады. Бұл Шымкенттің экологиясын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жобаның маңыздылығын атап өтіп, «Қазақтелеком» АҚ басшылығына және мамандарына әріптестік үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, аталған жоба қала тұрғындарының өмір сапасын едәуір арттырып, Шымкентті заманауи цифрлық шешімдермен жабдықталған мегаполиске айналдыруға мүмкіндік береді.
Ал «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин өз сөзінде компанияның бұл бағыттағы тәжірибесі бар екенін атап өтті. Бұған дейін осындай жобалар Ақмола облысында сәтті жүзеге асырылған. Енді бұл тәжірибе Шымкент қаласында да іске асырылмақ.
«Ақылды қала» жобасы – тек технологиялық жаңалық емес, бұл Шымкенттің болашақ даму бағытының негізі. Мұндай бастамалар қаладағы цифрлық трансформацияны жеделдетіп қана қоймай, тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және тиімді өмір сүру ортасын құруға бағытталған.
Жобаның толық іске асырылуы Шымкент қаласын республикадағы цифрлық технологияларды қолданудың үздік үлгісіне айналдырып, болашақ мегаполистерге үлгі болмақ.
Пікір қалдыру