
Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамасы аясында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының ресми таныстырылымы өтті. Ауқымды жоба елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға, азаматтардың зияткерлік әлеуетін арттыруға және сапалы әдебиетке қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.
Іс-шараға жоғары оқу орындарының оқытушылары, колледж педагогтері, студенттер, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шара барысында жоба құрылымы мен мақсаттары таныстырылып, қатысу шарттары жан-жақты түсіндірілді.
«Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба қазіргі таңда Қазақстанда кітап оқу деңгейін көтеруге бағытталған нақты әрі кешенді қадамдардың бірі болып отыр. Жоба авторларының айтуынша, елімізде кітап оқу статистикасы көңіл көншітпейді – Қазақстан әлемдік рейтингтерде кітап оқитын елдер арасында соңғы орындардың бірінде тұр.
Жоба жетекшісі Бекарыстан Аманжоловтың сөзінше, осы жағдайды түбегейлі өзгертіп, кітап оқуды қоғамда беделді әрі қызықты іспен байланыстыру — басты мақсаттардың бірі.
– Біз бұл жобаны бір реттік науқан ретінде емес, тұтас ұлттың мәдени кодын қалыптастыратын ұзақмерзімді бағдарлама ретінде қабылдаймыз. Кітап оқу – тек білім алудың құралы емес, ол тұлғаның дүниетанымын, ойлау қабілетін, рухани дүниесін байытатын маңызды фактор, – деді ол.
АЛТЫ САНАТ, АЛТЫ БАҒЫТ
Жоба құрылымы нақты және кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қатысушылар келесі алты санат бойынша кітап оқуға тартылады:
-
Кітап оқитын мектеп
-
Кітап оқитын колледж
-
Кітап оқитын университет
-
Кітап оқитын педагог
-
Кітап оқитын мемлекеттік қызметші
-
Кітап оқитын әулет
Әр санаттың қатысушылары арнайы ұсынылған әдебиеттер тізімі бойынша 15 шығарманы оқуы тиіс. Бұл тізімді ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен академиялық қауымдастық өкілдерінен құралған сарапшылар тобы бекіткен. Шығармалар мазмұны мен көлемі бойынша оқырмандардың жас ерекшелігі мен кәсіби бағытына бейімделген.
Орта есеппен бір кітаптың көлемі 300–400 бет, ең қысқа шығарманың көлемі – 120 бет, ал ең ауқымдысы – 700 бетке дейін жетеді.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – қаржылай ынталандырудың қарастырылуы. Бұл тәсіл халықтың қызығушылығын арттырып, қатысушылардың белсенділігін қолдауға бағытталған. Жалпы жүлде қоры – 40 миллион теңге.
Әр санат бойынша жеңімпаздарға келесі көлемде сыйақы қарастырылған:
-
1-орын – 1 000 000 теңге
-
2-орын – 600 000 теңге
-
3-орын – 400 000 теңге
Қаржылай сыйлықтардан бөлек, үздік қатысушылар дипломдармен және арнайы марапаттармен ынталандырылады.
Жоба барысында қатысушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады:
-
Мектеп оқушыларына арналған әдеби байқаулар;
-
Студенттер үшін дебат турнирлері;
-
Педагогтерге арналған әдеби викториналар мен квиздер;
-
Мемлекеттік қызметкерлер үшін кәсіби әдебиеттер бойынша пікір алмасу кездесулері;
-
«Кітап оқитын әулет» санатында кемінде бес мүшеден тұратын отбасы бірігіп кітап оқып, шығармалар бойынша ой бөлісіп, үлгі көрсетеді.
Жобаға қатысушылар қыркүйек пен ақпан аралығында кітаптарды оқып, әр туындыға қысқаша рецензия жазып отырады. Бұл үдерістің барлығы «Readination» деп аталатын арнайы онлайн платформа арқылы бақыланады.
Аталған жүйе:
-
Қатысушылардың оқыған кітаптарын тіркеуге;
-
Жеке және жалпы рейтингті бақылауға;
-
Байқау әділеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба демеушілер мен серіктестердің қолдауымен жүзеге асуда. Бас демеуші – «Alaygom Electric Company» компаниясы. Сондай-ақ, жобаның негізгі серіктестері қатарында «AMANAT» партиясы, жергілікті атқарушы органдар, білім басқармалары және бірқатар қоғамдық ұйымдар бар.
Қазіргі уақытта бастама пилоттық режимде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта жоба ел аумағының барлығын қамтып, республикалық деңгейге шығады.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы — Қазақстан халқының мәдени және интеллектуалдық деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жастарды, педагогтерді, мемлекеттік қызметшілерді және отбасыларды бір ортақ мақсатқа біріктіре отырып, бұл бастама ұлттың рухани дамуына серпін береді.
Кітап оқу – дамыған қоғамның көрінісі. Ал «Кітап оқитын ұлт» – болашағын білім мен парасатқа негіздейтін ұлттың бейнесі. Шымкентте басталған бұл бастама еліміздің барлық өңірлерінде жалғасып, жалпыұлттық қозғалысқа айналатынына сенім мол.
Пікір қалдыру