
Шымкент қаласында еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат – Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Қала әкімдігінде өткен бұл кеңеске түрлі мемлекеттік мекеме басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім, мәдениет, ғылым және басқа да салалардағы жетекші мамандар қатысты.
Кеңесті ашқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Президент Жолдауы – еліміздің жаңа кезеңдегі дамуына серпін беретін нақты бағдарлама екенін атап өтті. Оның айтуынша, алға қойылған міндеттер – тек мемлекеттік органдарға жүктелген жұмыс емес, әрбір азаматтың ел болашағына қосатын үлесінің көрінісі.
– Президентіміздің алға қойған міндеттері – мемлекетіміздің жаңа дәуірдегі дамуының берік іргетасы. Бұл мақсаттарға жету үшін әрқайсымыз табандылықпен еңбек етіп, елдің игілігіне үлес қосуымыз қажет, – деді қала әкімі.
Жиын барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген маңызды мәселелер мен стратегиялық мақсаттар бойынша өз ойларын ортаға салды.
Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов Жолдауда ерекше маңыз берілген инвестиция тарту мәселесіне тоқталып, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың рөлі арта түскенін атап өтті.
– Президентіміз атап өткендей, инвестиция тарту – тек орталық мемлекеттік органдардың емес, әкімдердің де тікелей жауапкершілігі. Әрбір өңір басшысы инвестициялық ахуалды жақсартуға өзі жауап беруі тиіс. Бұл – экономикалық өсім мен халықтың тұрмысын жақсартудың басты тетігі, – деді ол.
Кеңесте сөз алған Жұмабек Тәшенов университеті директорлар кеңесінің төрағасы, академик Оңалбай Аяшев ғылым мен инновацияның маңызына тоқталды. Ол жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және жаңа форматтағы мамандарды даярлау – еліміздің дамуына негіз болатынын айтты.
– Жасанды интеллект – тек технология емес, білім мен ғылымның тығыз синтезі. Осы бағыттағы сапалы кадрларсыз экономикалық немесе әлеуметтік серпіліс болмайды. Сондықтан Президенттің ғылымды дамыту, цифрландыруды біліммен байланыстыру туралы тапсырмалары – стратегиялық мәнге ие, – деді ол.
Академиктің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда білім мен ғылым саласын қолдауға бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Халықаралық университеттердің филиалдары ашылып, шетелдік ғылыми орталықтармен байланыс нығайды. Сонымен қатар, ғылымды қаржыландыру көлемі артты, жас ғалымдарға берілетін гранттар саны еселеп көбейіп, жаңа зерттеулерге жол ашылды.
Кеңесте айтыскер ақын Біржан Байтуов та сөз алып, биылғы Жолдаудың ел ішінде үлкен серпіліс туғызғанын айтты. Ол әділетті қоғам құрудағы әр азаматтың рөлін ерекше атап өтті.
– Заңсыздыққа төзімсіздік – бұл тек билікке қойылатын талап емес, бұл – әр адамның ішкі мәдениеті мен азаматтық ұстанымының өлшемі. Қоғамдық тәртіпке, тазалыққа, ортақ мүлікке құрметпен қарау – өркениетті елдің белгісі. Егер әрқайсымыз осыны берік ұстансақ, еліміздің болашағы жарқын болады, – деді Б.Байтуов.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыруда Шымкент қаласының да өз үлесін қосатынын атап өтті. Оның айтуынша, әкімдік тарапынан экономика, әлеуметтік салалар, ғылым және цифрландыру бағыттары бойынша нақты іс-шаралар жоспары құрылып, жауапты басқармаларға тапсырмалар берілген.
Қала басшысы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 2025 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін кемінде 850 млрд теңгеге жеткізуді, ал өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемін 1 триллион теңгеден асыруды тапсырды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің үлесін қала экономикасында 46,3 пайызға дейін ұлғайту көзделуде.
Цифрландыру басқармасына «Smart Shymkent» жол картасы аясында кемінде 20 жоба жүзеге асыру және пилоттық шешімдерді енгізу міндеттелді. Бұл жобалар тұрғындардың өмірін жеңілдетіп, қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қаланың көлік-логистикалық әлеуетін күшейту, транзиттік мүмкіндіктерді арттыру, әуежайдың жаңа терминалын тиімді пайдалану және жаңа ұшу-қону жолағын салу, А-2 трассасын реконструкциялау, сондай-ақ Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстарын белгіленген мерзімде және сапалы аяқтау тапсырылды.
Бұл жиын Шымкент қаласының Мемлекет басшысы ұсынған реформаларға толық қолдау білдіріп отырғанын, сондай-ақ ел дамуындағы өз жауапкершілігін терең сезінетінін көрсетті. Президент Жолдауы – еліміздің дамуын жаңа белеске көтеретін маңызды құжат болса, оны жүзеге асыру – барлық деңгейдегі билік өкілдері мен қоғам мүшелерінің ортақ міндеті.
Шымкент қаласы әкімдігі ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру арқылы әділетті қоғам қалыптастыруға, экономика мен әлеуметтік саланы жан-жақты дамытуға, жастарға сапалы білім мен мүмкіндік беруге және инновациялық жобаларды ілгерілетуге нақты қадамдар жасауды жалғастыра бермек.
Пікір қалдыру