
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжатқа айналды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған бұл стратегиялық құжат тың серпіліс әкеліп, жаңа міндеттер мен нақты мақсаттарды алға қойды.
Президент Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық даму бағыттарын терең қамтып, әсіресе ғылым, білім және инновация салаларының келешегіне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысы бұл салаларды тиімді басқару үшін ғылым, білім және инновацияны біртұтас жүйе ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.
«Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім, инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент жасанды интеллектіні дамытуда жоғары оқу орындарының рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, осы бағытта жұмыс істейтін университеттерге кеңірек академиялық еркіндік беру қажеттігін айтты. Бұл бастама білім беру саласында инновациялық серпілістерге жол ашады.
Жолдау барысында Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамыту үшін дарынды зерттеушілерге қолдау көрсетудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек», – деді Президент.
Бұл – ғылым мен технология саласында шетелге кеткен жоғары білікті кадрларды елге тарту және ұлттық ғылыми әлеуетті күшейту жолындағы нақты қадам.
Сондай-ақ Президент кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын қайта қарау қажет екенін айтты. Бұл елімізге қажетті салаларда шетелдік және отандық кадрлардың жетіспеушілігін жоюдың пәрменді тәсіліне айналуы тиіс.
Президент Жолдауы – білім мен ғылымға негізделген жаңа экономикалық модельге көшуге бағытталған маңызды стратегиялық бағдар. Мемлекет басшысының бастамалары адами капиталды дамыту, инновацияны қолдау және цифрлық технологияларды енгізу арқылы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ғылым мен білімге берілетін басымдық – елдің болашағына салынған инвестиция. Осы бағытта қабылданған шешімдер мен ұсыныстар нақты жүзеге асырылса, Қазақстан заманауи технологиялар мен интеллектуалды экономикаға негізделген дамудың жаңа кезеңіне аяқ басатыны сөзсіз.
Дархан Ахмед-Заки,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ
Басқарма Төрағасы-ректоры
Пікір қалдыру