ЕРЕКШЕ ЖАСТАР – ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР ИЕСІ

Шымкент қаласында Отбасы күніне орай мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған ерекше форматтағы мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасқан бұл жоба Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бастамасымен өтті. Шараның басты мақсаты – ерекше жастардың әлеуетін ашу, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және инклюзивті ортаны дамытуға үлес қосу.

11 қыркүйекте басталған жоба үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ сынды спорт түрлері бойынша жарыстармен ашылды. Әр ойын – тек спорттық шеберлік емес, қатысушылардың рухани беріктігі мен ерік-жігерінің көрінісі болды.

Жеңімпаздар лайықты марапаттарын алды:
• Үстел теннисі: 1 орын – Мамажанов Розимұрат, 2 орын – Нарзуллаев Арсланбек, 3 орын – Жақыпбек Дастан.
• Тоғызқұмалақ: 1 орын – Ергешбай Қайсар, 2 орын – Айтбаева Айсулу, 3 орын – Қарашаш Еркебұлан.
• Шахмат: 1 орын – Нұрақ Бақытжан, 2 орын – Арип Сүндет, 3 орын – Кудратов Гуламжан.

Жеңімпаздар медальдармен, кубоктармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Олар үшін бұл марапаттар – тек жеңістің емес, еңбектің, табандылықтың, үміттің жемісі.

12 қыркүйекте өткен шығармашылық концерт ерекше әсер сыйлады. Жастар ән салып, би билеп, әдеби туындылар оқып, өз өнерлерін көпшілікке ұсынды. Бұл кеш – олардың ішкі әлемі мен шабытын жеткізген, шын жүректен туған өнер мерекесіне айналды.

Іс-шара барысында 40-тан астам қатысушыға алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді. Сонымен қатар, 10 ерекше жасқа ұялы телефон сыйға тартылды. Бұл марапаттар – олардың талантын мойындаудың нақты көрінісі.

Шара барысында қатысушылар үшін қаланың тарихи және мәдени орындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл сапарлар жастардың мәдени танымын кеңейтіп, олардың қоғаммен байланысын нығайта түсті.

Жобаны ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай іс-шаралар арқылы қоғамға ерекше жастардың қабілетін, қайсарлығын, еңбекқорлығын көрсету – басты мақсаттардың бірі. Бұл – олардың әлеуетін ашуға, өз-өздеріне сенім артуына сеп болатын маңызды алаң.

«Біз бұл жоба арқылы мүмкіндігі шектеулі жастардың да қоғамға берері көп екенін дәлелдедік. Олар – ерік-жігердің, қажырлы еңбектің иелері. Әрқайсысы үлкен өмірге қадам басуға дайын», – дейді ұйымдастырушылар.

Шымкент қаласында өткен бұл жобалар – бір сәттік шара емес, ерекше жастардың болашағына салынған сенім көпірі. Спортта да, өнерде де табысқа жетіп жүрген бұл жастар – қоғам үшін шынайы мотивация көзі.

Біз олардың мүгедектігін емес, мүмкіндігін көруіміз керек. Бұл шара дәл осы көзқарасты қалыптастыруға арналған нақты қадам болды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*