ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ 6698 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНДЕ ОТБАСЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СПОРТТЫҚ ЭСТАФЕТА ӨТТІ

азақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні – береке мен бірліктің, өзара түсіністік пен сүйіспеншіліктің символына айналған ерекше мереке. Осы атаулы күнге орай Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің отбасылары арасында «Бірлік пен ептілік» атты спорттық эстафеталық сайыс ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты — әскери қызметшілердің отбасылары арасындағы байланысты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұжымдық рухты арттыру болды. Сайысқа әр рота атынан бір отбасыдан құралған командалар қатысты. Командалар құрамына әке, ана және екі бала кіріп, бір шаңырақтың ынтымағы мен ұйымшылдығын паш етті.

Сайыстың ашылу салтанатында әскери бөлім командирі, подполковник Бауыржан Нуралиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді:

«Әскери қызмет – үлкен ерлік пен жауапкершілікті талап ететін абыройлы іс. Ал оның сенімді тірегі – отбасы. Әскери өмірдің қиындығы мен жауапкершілігін жеңілдететін – отбасының махаббаты мен қолдауы. Біздің қызметіміздің сапалы орындалуы үшін әрбір әскери қызметшінің жанұясы берекелі, балалары шат-шадыман болуы тиіс. Осындай игі шаралар арқылы біз тек дене шынықтыруды ғана емес, рухани байланысымызды да бекемдейміз. Отбасы күні құтты болсын!»

Бұл сөздер әрбір қатысушының жүрегінен орын тауып, жарысқа деген жігерін арттырды.

Эстафеталық сайыстар бірнеше кезеңнен тұрды: шапшаңдыққа арналған жүгіру, доппен кедергілерді еңсеру, дәлдікке лақтыру, секіртпемен жарысу және логикалық тапсырмалар. Бұл жарыстар тек физикалық қабілетті ғана емес, отбасылардың бір-біріне деген сенімі мен үйлесімділігін де сынады.

Бәсеке тартысты өтті. Әр отбасы соңына дейін бар күш-жігерін салып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Нәтижесінде:

  • Бірінші орынды 1-атқыштар ротасының әскери қызметшісі сержант Нуралиевтің отбасы жеңіп алды. Команда мүшелері тамаша үйлесімділік пен керемет ептілік танытты.

  • Екінші орынды сержант Нарметов Илхамның отбасы иеленді. Олар өздерінің мықты дайындығын дәлелдей білді.

  • Үшінші орынға кіші сержант Иманбетовтің отбасы тұрақтады. Қайсарлық пен төзімділік танытқан бұл отбасы да құрметке лайық.

Жүлделі орын иегерлеріне бөлім командирі дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, Ленгер қаласындағы 4-атқыштар ротасынан қатысқан Ахтаевтар отбасы белсенділігі үшін арнайы алғыс хатпен және сыйлықпен марапатталды.

Іс-шара барысында қатысушыларға арналып шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Балаларға түрлі ойындар мен анимациялық қойылымдар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй туды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар әскери қызметшілер мен олардың жанұяларының арасындағы тығыз байланысты нығайтып, моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай шаралар отбасы институтының қоғамдағы маңызын арттырып, ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етеді.

Бөлім командирі подполковник Бауыржан Нуралиевтің айтуынша, алдағы уақытта да мұндай форматтағы спорттық, мәдени және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар жиі өткізілетін болады.

Ұлттық ұлан – тек қауіпсіздік қалқаны ғана емес, рухани және әлеуметтік даму орталығы. Отбасылық құндылықтарды ардақтау – әскери қызметтің ажырамас бөлігі. Осындай мазмұнды және мағыналы шаралар арқылы біз берекелі отбасылар мен берік мемлекеттің іргетасын бірге қаласып келеміз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*