Қаратау ауданында жастарға құқықтық мәдениетті арттыруға арналған дәріс өтті

желіден алынған

Қаратау ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен Шымкент университетінде ерекше маңызы бар іс-шара өтті. «Егемен ел – жарқын болашақ» атауымен өткен бұл дәрісте прокуратура органдарының ардагері Берік Ошақбайұлы Көлбаев пен Қаратау ауданы прокуратурасының прокуроры Дәурен Дәулетұлы Тұрсынбай жас буынмен жүздесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесудің басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Спикерлер қазіргі таңда жастар арасында құқыққа қайшы әрекеттердің жиі кездесетінін атап өтіп, олардың алдын алудың ең тиімді жолы құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру екеніне баса назар аударды.

Ардагер Көлбаев Берік Ошақбайұлы өз сөзінде құқықтық сананың қоғам үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жасөспірімнің заңға құрметпен қарауы тек жеке басының ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына ықпал етеді. Құқықтық мәдениет – құқықтық мемлекет пен әділ қоғам құрудың негізгі өлшемдерінің бірі. Ол құқықтық тәрбие мен қоғамның ортақ құндылықтарын қалыптастыруға тікелей байланысты екенін жеткізді.

Ал прокурор Дәурен Дәулетұлы жастарды заң талаптарын қатаң сақтауға, кез келген жағдайда өз әрекеттерінің салдарын ойлауға шақырды. Ол жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығы артқан сайын қылмыс пен тәртіп бұзушылық деңгейі төмендейтінін, ал бұл қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың артуына жол ашатынын айтты.

Іс-шара барысында қатысушыларға құқықтық мәдениеттің негізгі қағидаттары түсіндіріліп, заңды бұзудың салдарына байланысты нақты мысалдар келтірілді. Сондай-ақ, жастарға құқықтық ақпаратты дұрыс қолданудың және құқықтық сауаттылықты күнделікті өмірде дамытудың жолдары көрсетілді.

Жиын сұрақ-жауап форматында жалғасып, студенттер өздерін толғандырған мәселелерді еркін қойды. Прокуратура өкілдері әрбір сауалға нақты әрі түсінікті жауап беріп, құқықтық нормаларды өмірде қалай қолдануға болатынын түсіндірді.

Мұндай іс-шаралар жас буынның құқықтық мәдениетін арттыруға, олардың бойында заңға деген құрметті қалыптастыруға, сондай-ақ болашақта саналы, жауапты азамат болып қалыптасуына зор ықпал етеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*