ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР ЭКСПОРТЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУҒА ҰМТЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары барысында өткен «дөңгелек үстел» отырысында АҚШ-тың жетекші бизнес өкілдерімен мазмұнды пікір алмасу өтті. Кездесу аясында Президент Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикасы ең қуатты ел ретінде аймақта америкалық бизнесті тарту және олардың кәсіпкерлік аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін нақты айтты. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты С5+1 және B5+ форматындағы өңірлік диалогтар тиімді толықтырып, жаңа серпін бере алады.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

– Қазақстан білім мен инновацияға негізделген, бәсекеге қабілетті экономика құруды көздейді. Бұл тұрғыда цифрлық трансформацияға ерекше назар аударылуда. Еліміздің экономикасы бүгінде Орталық Азияның өркендеуінде негізгі рөл атқарып отыр. Мұндай жетістіктерге Америка бизнесінің де қосқан үлесі зор. 2025 жылғы алғашқы сегіз айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 6,5 пайызды құрады. Біз осы қарқынды сақтай отырып, ауқымды әрі жүйелі саяси-экономикалық реформаларды жалғастыруға ниеттіміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл реформалардың барлығы Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға бағытталған. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттарын атап өтті. Оның ішінде ең басты салалардың бірі — энергетика секторы.

– Энергетика саласы – екіжақты ынтымақтастықтың негізгі тіректерінің бірі. Chevron және ExxonMobil секілді америкалық алып компаниялар елімізде соңғы 30 жылда қомақты әрі табысты инвестициялар жүзеге асырды. Геосаяси тұрақсыздықтарға қарамастан, бұл компаниялардың Қазақстандағы қызметіне деген сенім ешқашан әлсіреген емес. Олар экономикамызды жаңғырту, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу және өндірістік әлеуетімізді арттыру ісінде маңызды рөл атқарды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі мұнай кен орындарында америкалық серіктестермен конструктивті әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыра бермек. Бұл жобалар тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін стратегиялық мәнге ие.

– Біз америкалық серіктестерімізбен орнатқан әріптестіктің алдағы уақытта да әділетті және екі тарап үшін де тиімді болуын қалаймыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттауда бағыттарды әртараптандыруға ерекше көңіл бөледі. Бұл — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және сыртқы сауда мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды жолы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Президент америкалық инвесторларды Қазақстандағы жаңа жобаларға белсенді қатысуға шақырып, инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін бірге игеру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның ашық, әділетті әрі болжамды инвестициялық саясаты америкалық кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндіктер ұсына алады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*