
Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жаңа технологиялар енгізілуде. Қалалық Полиция департаментінің Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері заманауи дрон құрылғыларын пайдаланып, аумақтағы жағдайды бақылап, құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтап отыр.
Дронды пайдаланудың басты мақсаты – қылмыстардың алдын алу және төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету. Оның көмегімен полиция қызметкерлері көшелердегі, тұрғын үйлердің ауласындағы, базарлардағы және адамдар көп жиналатын басқа да қоғамдық орындардағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік алады. Бұл тәсіл оқиғаға жедел ден қоюға және құқық бұзушылықтардың өршуіне жол бермеуге ықпал етеді.
Құрылғы жоғары сапалы бейнекамерамен жабдықталған. Камера жердегі жағдайды анық әрі егжей-тегжейлі түсіреді, соның арқасында күмәнді әрекеттерді, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін немесе өзге де заңбұзушылықтарды анықтауға болады. Түсірілген деректер бірден кезекші полиция бөліміне жіберіледі. Жағдайға байланысты жақын маңдағы патруль оқиға орнына бағытталып, қажетті шаралар қабылданады.
Практикада дронды пайдалану бірнеше құқық бұзушыларды дер кезінде анықтап, оларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берді. Бұл әдіс полиция жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтуға да септігін тигізуде.
Қазіргі мегаполис жағдайында дронның маңызы артып отыр. Себебі полиция қызметкерлері үлкен аумақты қамтуға тиіс, ал дәстүрлі патрульдеу әдістері барлық жерді толық бақылауға мүмкіндік бермейді. Дрон болса, қысқа уақытта кең аумақты шолып, ықтимал қауіптерді байқап, ақпаратты дереу жердегі тәртіп сақшыларына жеткізе алады.
Заманауи технологияларды қолдану «Қолжетімді полиция» тұжырымдамасының маңызды бөлігі болып саналады. Беспилотниктер құқық бұзушылықтарды тіркеумен қатар, профилактикалық шаралар барысында, көпшілік жиналатын іс-шараларда қоғамдық тәртіпті сақтауда, сондай-ақ жоғалған адамдарды немесе көлік құралдарын іздеуде де қолданылады.
Полиция департаментінің өкілдері атап өткендей, дрондар жердегі қызметкерлердің жұмысын алмастырмайды, қайта толықтырады. Ол деректерді жылдам жеткізеді, бұл полицияның үйлесімділігін арттырып, мобильділігін күшейтеді. Соның арқасында азаматтар өздерін анағұрлым қауіпсіз сезінеді, өйткені тәртіптің сақталуы тек патрульдермен ғана емес, әуеден де бақыланатынын біледі.
Мұндай шаралар көше қылмысының алдын алуға, бұзақылық фактілерін азайтуға, заңсыз заттардың айналымына тосқауыл қоюға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл технологиялар заң аясында және тек қана халықтың қауіпсіздігі үшін пайдаланылады.
Сондықтан Шымкент полициясының жұмысына дрондарды енгізу құқықтық тәртіпті қорғау жүйесін жаңғыртудың маңызды қадамына айналды. Бұл тәжірибе инновациялық тәсілдер мен заманауи техникалық шешімдердің құқық бұзушылықтармен күресте тиімділікті айтарлықтай арттыра алатынын көрсетуде және қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға ықпал етуде.
Пікір қалдыру