
Шымкент қаласында орналасқан Орталық Азия инновациялық университетінде полиция қызметкерлерінің қатысуымен 1 курс студенттеріне арналған құқықтық бағыттағы дәріс өтті. Лекция барысында жастарға қоғамда өзекті болып отырған әлеуметтік-құқықтық мәселелер жан-жақты түсіндірілді. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар арасында қауіпсіз орта қалыптастыру.
Полиция қызметкерлері жастарға құқық пен заңның әрбір азамат үшін маңыздылығын айта отырып, бірқатар тақырыптарды талқылады. Солардың ішінде қала тазалығы, есірткі мәселесі, құмар ойындарға тәуелділік, буллинг, жол қозғалысы ережелері, самокат қолдану мәдениеті, кәмелетке толмағандардың түнгі уақыттағы жүріс-тұрысына байланысты шектеулер және жалпы заңға бағыну қағидаттары қамтылды.
Алдымен «Таза қала» тақырыбы көтерілді. Қала көшелерінің, аулаларының және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – әрбір азаматтың міндеті екені айтылды. Қоғамдық орынды ластау тек мәдениетсіздік қана емес, ол әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынына студенттердің назары аударылды. Экологиялық мәдениет – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрсеткіші екені де түсіндірілді.
Келесі маңызды мәселе – есірткі құралдарының заңсыз айналымы. Полиция өкілдері жастарға есірткіні сақтау, қолдану немесе тарату Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша қатаң жазаға әкелетінін нақтылап айтты. Бұл тек құқық бұзушылық емес, сонымен қатар адамның денсаулығына, болашағына зиян тигізетін қауіпті қадам екендігі баса айтылды.
Лекция барысында жастар арасында жиі кездесетін тағы бір өзекті проблема – құмар ойындарға тәуелділік жайында сөз қозғалды. Лудомания тек психологиялық дерт қана емес, сонымен бірге заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру немесе оған қатысу қылмыстық жауапкершілікке алып келетіні атап өтілді. Студенттерге бос уақытты тиімді өткізіп, тәуелділікке қарсы тұрудың маңызы түсіндірілді.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын буллинг пен кибербуллинг тақырыбы тудырды. Психологиялық қысым, тіл тигізу немесе әлеуметтік желілер арқылы қысым көрсету адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекет екені айтылды. Полиция қызметкерлері әр студент өз құқығын біліп, қажет болған жағдайда қорғау жолдарын үйренуі керек екенін ескертті.
Заманауи жастар өмірінің бір бөлігіне айналған электросамокат мәселесі де назардан тыс қалмады. Құқық қорғаушылар самокатпен жүрген кезде жол қозғалысы ережелерін сақтау маңызды екенін түсіндірді. Себебі жолдағы ұқыпсыздық адамның өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіруі мүмкін.
Жол-көлік оқиғаларына қатысты мәліметтер де айтылды. Заңды талаптарды сақтамау, жол мәдениетінің төмендігі және жаяу жүргіншілердің де ережелерге мән бермеуі апатқа әкелетінін студенттерге жеткізді. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір азаматтың заңмен бекітілген жауапкершілігі екені ерекше атап өтілді.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақыттағы жүріс-тұрысына қатысты заң нормалары да түсіндірілді. 18 жасқа толмаған азаматтарға ойын-сауық орындарында ересектердің қарауынсыз сағат 22:00-ге дейін, көшеде болса 23:00-ге дейін ғана жүруге рұқсат етілетіні айтылды. Бұл уақыттан кейін заңды өкілсіз жүру құқық бұзушылық болып саналатынына студенттердің назарын аударды.
Жалпы заң мен тәртіпке бағыну – жауапты азаматтың негізгі ұстанымы екені дәріс соңында тағы бір рет қайталанды. Заңды білу, оны құрметтеу және күнделікті өмірде орындау – әрбір жас үшін қоғамдағы орны мен болашағын айқындайтын маңызды құндылық.
Лекция интерактивті форматта өтті, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, полиция өкілдерінен нақты жауап алды. Бұл жастардың құқықтық ой-санасын қалыптастыруға, өмірлік жағдайларда заңға сәйкес шешім қабылдауға үйретуге бағытталған шара ретінде бағаланды.
Осылайша, Орталық Азия инновациялық университетінде ұйымдастырылған құқықтық дәріс жастарға заң нормаларының маңызын түсіндіруге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталған қадам болды. Полиция қызметкерлері мен студенттер арасындағы ашық диалог құқық бұзушылықтың алдын алуға және жастардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Пікір қалдыру