ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ: ОНДАҒАН БАҒЫТҚА ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкент қаласында қоғамдық көлік пен жолаушылар тасымалдаумен айналысатын жеке автокөліктерге бақылау күшейтілді. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, «Бір нүктелік» рейдтік іс-шара аясында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қоғамдық көліктер мен маршруттық автобустарды кең көлемде тексерді.

Рейдке Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытқали Кенжебаевбасшылық етті. Ол жүргізушілердің жұмысын қаланың маңызды көлік тораптарында жеке өзі қадағалап, тексеріс барысын бақылады.

Іс-шара барысында көлік құралдарының техникалық жағдайы, жүргізушілердің құжаттары мен лицензиялық талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігіне әсер ететін факторлар мұқият қаралды.

«Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – заңсыз жолаушы тасымалының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір жүргізуші өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауы тиіс», – деді Бақытқали Кенжебаев.

Рейд барысында бірқатар құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, кейбір жүргізушілердің құжаттары толық болмаған, ал кей көліктер техникалық талаптарға сай келмейтіні белгілі болды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.

Бұл бағыттағы тексерістер Шымкентте бірінші рет өтіп жатқан жоқ. Ең жиі анықталатын кемшіліктерге тежегіш жүйесінің ақауы, жарық құрылғыларының істен шығуы, сақтандыру құжаттарының болмауы және медициналық тексерістен өтпеген жүргізушілер жатады.

Ішкі істер және Көлік министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол апаттарының саны артып келеді. 2024 жылы республика бойынша 1800-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2300-ге жуық адам жарақат, ал 100-ден астам адам қаза тапқан. Сарапшылардың айтуынша, мұндай апаттардың басты себептері — адам факторы, жүргізушілердің жұмыс және демалыс режимін сақтамауы, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жағдайының нашарлығы.

Шымкент қаласында заңсыз тасымалдаушыларға ерекше назар аударылуда. Кейбірі лицензиясыз және техникалық байқаудан өтпеген көліктермен жолаушылар тасымалдап, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде.

Рейд барысында инспекторлар мектеп оқушыларын және жеңілдікпен жүретін азаматтарды тасымалдау талаптарының сақталуын да тексерді. Сонымен қатар, жол ақысының дұрыс есептелуі мен төлем жүйесінің заңдылығына назар аударылды. Полиция қызметкерлері тасымалдаушыларды заң талаптарын бұлжытпай орындауға, ал жолаушыларды заңсыз тасымалдаушылардың қызметін пайдаланбауға шақырды.

«Мұндай рейдтер тұрақты түрде жалғасады. Азаматтардың қауіпсіздігі – басты басымдық», – деп хабарлады қалалық Полиция департаменті.

«Бір нүктелік» профилактикалық іс-шарасы ел көлемінде өткізіліп жатыр және оның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртібін арттыру және жолаушы тасымалы сапасын жақсарту. Алдағы уақытта тексерістер қаланың кіреберіс және шығаберіс жолдарында, сондай-ақ маңызды бағыттарда жалғасын табады.

Азаматтар заңсыз тасымалдау фактілерін байқаған жағдайда 102 нөміріне немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*