ПРЕЗИДЕНТ: «ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ АЯСЫНДА ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ ЖӨНІНДЕГІ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ КЕҢЕСІН ҚҰРУДЫ ҰСЫНАМЫЗ»

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінде сөйлеген сөзінде энергетика, су тапшылығы және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін Түркі әлемі үшін стратегиялық басымдық ретінде атап өтті. Қазақстан Президенті қазіргі әлемде орын алып жатқан геосаяси өзгерістер мен климаттық дағдарыстар жағдайында түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтудың маңызын айрықша атап өтті.

Президенттің айтуынша, энергетика – кез келген мемлекеттің экономикалық тірегі ғана емес, сонымен бірге түркі мемлекеттері арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізгі өзегі. Қазіргі таңда Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасында «жасыл энергия дәлізін» дамыту жұмыстары басталған. Бұл бастама – жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы өңірлік ықпалдастықтың жарқын мысалы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы болашақта энергия үнемдеудің рөлін арттырып, осы салада тәжірибе алмасу мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынды. Мұндай кеңес тек білім мен технологиялармен алмасу ғана емес, сонымен қатар аймақтағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа моделіне айналуы мүмкін.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі энергия көздерінің – мұнай, газ, уран, көмір және сирек кездесетін пайдалы қазбалардың Қазақстан энергетикалық стратегиясындағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Ел басшысы бұл ресурстарды тиімді пайдалану арқылы елдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет екенін жеткізді.

Сөз соңында Президент су тапшылығы мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл бүгінде жаһандық проблемаға айналған және Орта Азия үшін ең өзекті сын-қатерлердің бірі болып отыр. Өзен-суларды ортақ игілік ретінде қарастыра отырып, оларды ұтымды пайдалану үшін жаңа, цифрлық технологияларға сүйенген тәсілдер қажет. Тоқаев су ресурстарын басқару саласында тамшылатып суару, цифрлық бақылау жүйесін енгізу, су қоймаларының тиімділігін арттыру бойынша бірлескен бағдарламалар қабылдауды ұсынды.

Экологиялық мәселелер қатарында Каспий теңізінің тартылуы да ерекше назарға ілікті. Президент бұл үрдістің аймақтық экологияға ғана емес, экономикаға да айтарлықтай әсер етіп жатқанын жеткізді. Каспий – түркі халықтары үшін ортақ құндылық әрі ынтымақтастықтың символы. Сондықтан теңіздің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру үшін түркі мемлекеттері күш біріктіріп, бірлескен жобаларды қолға алуы тиіс.

Қазақстан БҰҰ қолдауымен 2026 жылдың сәуір айында «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас» атты өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Бұл саммитте тұрақты даму, климат, энергия және су ресурстары мәселелері кеңінен талқыланбақ. Мемлекет басшысы түркі елдерінің осы саммитке белсенді қатысатынына сенім білдірді.

Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіндегі бастамалары – өңірлік тұрақтылық пен дамудың жаңа деңгейіне жетуге бағытталған нақты қадамдар. Энергетика, экология және су қауіпсіздігі мәселелерін бірлесе шешу – ортақ мүдденің кепілі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*