Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы уақытта бұл салада заманауи тәсілдер енгізіліп, тұрғындардың қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілуде.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында Отырар шағынауданында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобамен танысты. Жоба аясында жабық үлгідегі заманауи жерүсті контейнерлік алаң орнатылған. Бұл алаң тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған және бірнеше түрлі контейнерлермен жабдықталған.
Атап айтқанда, мұнда аралас қалдықтарға арналған бес контейнер және қайта өңдеуге жіберілетін сұрыпталған қалдықтарға арналған үш арнайы контейнер қойылған. Сонымен қатар, қалдықтарды дұрыс бөлу талаптарының сақталуын бақылау үшін арнайы бақылау пункті қарастырылып, жауапты қызметкер бекітілген.
Жобаның ерекшелігі – оның жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуы. Алғашқы кезеңде қала аумағында осындай 100-ге жуық контейнерлік алаң орнату жоспарланып отыр. Болашақта бұл тәжірибе кезең-кезеңімен кеңейтіліп, бүкіл қала бойынша енгізілмек.
Аталған бастама Таза Қазақстан акциясы аясында қолға алынған. Жоба тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамытуға бағытталған.
Жаңа жүйе арқылы Шымкентте қалдықтарды басқарудың тиімді моделі қалыптасып, экологияны қорғау бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілмек.
Пікір қалдыру