Мақтааралдықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Мақтаарал» мәдениет үйінде аудандық арнайы іс-шара ұйымдастырылды. «Зұлмат жылдар – жадымыздан шықпайды!» деп аталған шарада ауыр жылдардың қасіреті суреттелген деректі фильм көрсетіліп, мақтаралдықтар сол дәуірдегі ата-бабаларының тағдырын үлкен өкінішпен еске алып, көз жастарына ерік берді.1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды, ал ҚР үкіметіне жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп өткізу тапсырылған.Жиырма жылдан бері Қазақстан жұрты осы күнді ерекше құрметпен атап өтіп келеді. Елімізде қуғын-сүргін құрбандарына арналған күн белгіленіп қана қоймай, түрлі жобалар жүргізілуде. Мәселен, тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, түрмелерде жазықсыз көз жұмды. Бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз.

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*