Ордабасыда сенім сертификаты тапсырылды

Ордабасы ауданында үш жақты әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынды аудан әкімі А.Мамытбеков ашып, жүргізді. Оңтүстік Қазақстан облысының Бас мемлекеттік инспекторының міндетін атқарушы Б.Нұрмаханов алдымен сөз алып, атқарылған жұмыс барысы туралы хабарлама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше, облыс бойынша бүгінге дейін 686 тексеру жүргізіліп, 794 заң бұзушылық анықталған. Оның 732-сі жойылып, 433 нұсқама берілген. 109 айыппұл салынып, 69-ы бүгінгі таңға төленген. Сонымен қатар, 6 адам тәртіптік жазаға тартылыпты. Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Т.Оспанқұлов өз кезегінде жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шартының маңызы мен екі жақты міндеттемелердің орындалуына кеңінен тоқталды. 1-шілдеден бастап қолданысқа енген әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыс берушілерге жүктелетін міндет пен сақтандырудың артықшылықтарын тілге тиек етті.
Жиыннан соң аудан қонақтары «Ордабасы құс» ЖШС ұжымымен кездесіп, күн тәртібіндегі мәселеге орай пікір алысты. ЖШС төрағасы М.Тағаевқа Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың Сенім сертификаты табыс етілді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*