«Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі өз мəресіне жетті

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы  «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы жəне «ЭКСПО — 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне мен «Түркістан 2017 жыл — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай облыстың аудан, қалаларындағы мәдени,рухани және басқа да салалардың жетістіктерін насихаттауға арналған «Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі өз мəресіне жетті. Төрт айға созылған облыстық байқаудың соңғы нүктесін  Бəйдібек ауданы қорытындылады. Төрт жүзге жуық өнерпаздарымен Шымкент қаласына келген бəйдібектіктер шараны Əл Фараби алаңында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінің ашылуымен бастап, қала халқына бауырсақ пен көже таратты. Өнер шашуы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияда «Өтемісовтер» жанұялық ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасса, Шаян халық театрының əртістері қоғам мен тəрбие түйткілдерін меңзейтін  «Жұмаққа жетелер жол» екі бөлімді драмасын облыстық әзіл – сықақ және сатира театры сахнасында көрсетті.
Бәйдібек баба ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі де бағдарламадан тыс қалмады.
Сонымен қатар,  рухани байлығы мол шара Отырар облыстық ғылыми- әмбебап кітапханасында жазушы, драматург Е.Тұрысовтың 90 жылдығына орай «Ерен тұлға бір ғасырда бір келер» тақырыбындағы  кездесу кеші және кітап көрмесіне ұласты. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры алдында киіз үй құрылып, салт — дәстүр және әдет — ғұрыпқа байланысты «Той бастар» іс – шарасы, ұлттық тағамдар көрмесі және спорттық ойындар ұйымдастырылса, ауданның әлеуметтік — экономикалық дамуын насихаттайтын қолөнер жəне қылқалам шеберлерінің көрмесінде 700-ге жуық жəдігерлер орналастырылды.
Театр сахнасында  аудан тарихы жəне  жетістігін  қамтитын арнайы деректі фильм көрсетіліп, бəйдібектік өнерпаздардың гала-концертімен қорытындыланды.
Бəйдібек ауданының  Шымкент  қаласындағы күнінде аудандық саз  мектебінің ұлт — аспаптар оркестрі мен Боралдай өнер мектебі, «Ұлар» би тобы, «Балауса» цирк  тобы жəне «Гүлдәурен» қыздар тобы мен «Өтемісовтер» жанұялық ансамблі, хор және жеке орындаушылар өнер көрсетсе, əн қырандарын биікке ұшырған Бəйдібектің тумалары ҚР Мəдениет қайраткері, əнші Əбдіхан Нұрмағанбетов пен Таңат Мамырхан, Ақмарал Биназаровалар да  арнайы  келіп, əн сəлемін арнады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*