ОҚО-Еуроодақ елдерінің қызығушылығын оятқан экономикалық аймақ

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесу барысында неміс  елшісі Оңтүстік Қазақстан облысы Еуроодақ елдерінің қызығушылығын оятқан экономикалық аймақ екенін атап өтті.  «Биыл Қазақстан мен Германияның арасында дипломатиялық қатынастың орнатылғанына 25 жыл толып отыр. Бүгінде біз қазақ-герман қатынасы жоғарғы даму деңгейіне жеткенінің куәсі болып отырмыз.  Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда Оңтүстік Қазақстан облысының да қосып отырған үлесі мол. Сіздердің өңірлеріңіз аграрлық аймақ саналғандықтан алдағы уақытта осы және мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға күш салатын боламыз», — деді Рольф Мафаэл. 

Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында германиялық әріптестердің қатысуымен бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс істейді.  Олардың қатарында «Промондис Казахстан», «ODDESSEZentralsien» ЖШС-лары мен   «Шымкентцемент» АҚ да бар.

Кездесу барысында облыс әкімі елшіге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Осы ретте өңір басшысы немістің ұлы ақыны Гете мен қазақтың ұлы кемеңгері Абайдың рухани байланысына тоқталып, Гетеден аударып, әнге ұластырған қазақ ақынының «Қараңғы түнде тау  қалғып»  өлеңін жатқа оқып берді. Сондай-ақ әкім екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында алдағы уақытта Шымкентте Гете атындағы  саябақтың іргетасы қаланататынын жеткізді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*