Шымкент қаласы Еңбекші ауданында орналасқан Елтай елдімекенінде су басуының зардаптарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аталған тұрғын алабына апарып, жағдаймен таныстырды. Елтай ауылындағы апатты-қалпына келтіру жұмыстарына Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 48 қызметкер, 3 техника мен 1 мотопомпа жұмылдырылған.
Өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы су басқан ауылда аула аумақтардан, көшелерден батпақ лай мен тастарды шығарып, арықтарды жиналған қоқыстардан тазартып жатыр.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар күндіз-түні ауысыммен жұмыс атқарып келуде. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы техника, құралдарымен күн сайын 10-12 үйдің ауласын тазартып, 4 жүк автокөлігімен жинақталған лай мен тастарды шығарып жатыр. Үш күнде Елтайдағы 36 үйдің ауласын тазартқан.
«Сонымен бірге Елтай ауылында жалпы ұзындығы 30 метр Найзатас, Нұрқазық көшелерін лай мен тастардан тазартты. Бұл жұмыстарға ергілікті атқарушы органдары тарапынан 17 адам мен 7 техника жұмылдырылды,»- деп мәлімдеді Шымкент қ.ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы.
Пікір қалдыру