ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 200-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА АТСАЛЫСТЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны белгілі. Мемлекет басшысы су тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, жолдарды ретке келтіру туралы тапсырма берді.
Негізгі мақсат — халық арасында қоғамдық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік, туған жерге және қоршаған ортаға деген жанашырлық пен құндылықтарын дәріптеу. Оның аясында қыстан кейін елдімекендерді тазарту және абаттандыру жұмыстарына азаматтарды кеңінен тарту, осы іс-шараларға жастардың, еріктілердің әлеуетін жұмылдыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда, еліміз бойынша аталған акция өз жалғасын табуда.
 Республикалық дең­гейде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы ауқымын Шымкент қала­сынан аңғаруға болады. Себебі, акция тек қаланың үлкен көшелері мен шағын ауданның орталықтарында емес, әр көшеде, әр аулада өтіп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы көпшілікке экологиялық білім берумен қатар, өскелең ұрпақтың табиғатты аялауына тәрбиелейді.
Аудан аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Нұртас шағынауданындағы Гүлдала  көшесінде жүргізілген тазалық жұмыстарына 200-ге жуық адам қатысты. Акция барысында аумақ қоқыстан тазартылып, тұрмыстық қалдықтар сыртқа шығарылды, көгалдар қырқылып, жасыл желек қалпына келтірілді.
«Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы, осы мақсатты көздейді. Сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысу – баршамыздың азаматтық борышымыз. Жалпы, тазалық өзімізден басталады, – дейді Нұртас шағынауданы тұрғыны Есілбек Серікбаев.
Тазалық акциясына қалалық “Amanat” партиясы қызметкерлері, “Жастар рухы” жастар қанаты мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және аудан әкімі аппараты қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысып, белсенділік танытты.
 Санитарлық шараларға 9 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде көлемі 20 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында Қаратау ауданы аумағында 5 негізгі бағыт бойынша 22 рет тазалық жұмыстары (сенбіліктер) ұйымдастырылды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Өңір тұрғындары айналаны тазалау жұмыстарымен тұрақты айналысты. Туған жерін құрметтейтін патриот азаматтар бұл шарамен шектеліп қалған жоқ.  Аудан аймағында да,  қаланың барлық жерінде  қолына тырма, күрегін алған тұрғындардың тірлігіне қарап сүйсіндік. Жасына, дәрежесіне қарамастан, әр мекеменің қызметкерлері жаппай аймақтың ажарын ашуға қызу атсалысты. Жер-ана ақ көрпесін оранғанша, оны күл-қоқыстан тазалау – әр адамның міндетіне айналғандығын сезіндік. Тазалық табалдырықтан басталады. Осы қағиданы берік ұстанған жерлестеріміз тазалық жұмыстарын жалғастыра бермек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*