«Сәуле» шағынауданындағы 276 орамның өзекті мәселелері биыл шешілетін болды

Шымкент қаласы «Сәуле» шағынауданында 6 көшеге тас төселеді. Электр жарығын беру және ауыз су тарту мәселелері де рет-ретімен шешілетін болады. Сөйтіп «Сәуле» шағынауданына қарасты 276-орамдағы жол мәселесі биыл шешіледі. Бүгін елді мекенді аралап шыққан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті тұрғындарды қуантар осылай деді.

«Жыл басында халық алдындағы есепті жиында жол мәселесіне ерекше айтылған еді. Біз уәдемізді орындаймыз,»- деді қала басшысы.

Жалпы бұл орам қала құрамына енген 41 елді мекеннің бірі. Жергілікті төбе би Ережеп Шерметовтің айтуынша, бұл орамда тіпті топырақ жол да болмаған. «Электр желісін жұрт шама-шарқынша тартып алған еді. Ауыз суды тасып ішетінбіз. Қала аумағына еніп, ерніміз суға жарыды,»- дейді орамның төбе биі Ережеп Шерметов. Қазіргі таңда «Сәуле» шағынауданына қарасты 276 орамда электр қуаты үшін арнайы бағаналар тартылған. Ауыз су мен жол жүргізу үшін де құжаттар әзірленіп қойылған. Бұрын тас төселмей қап кеткен көшелер тіркеуге алынып жатыр. Сөйтіп елдімекендегі ең өзекті мәселелер жұртшылықтың қуанышына орай биыл шешілетін болды.

«Қаладағы жол жөндеу жұмыстарына биыл қазынадан 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – қомақты қаражат. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет,»-деді қала басшысы Мұрат Әйтенов. Шымкент әкімі жауаптыларға нақты міндеттер жүктеп, еліміздің үшінші мегаполисінің құрамына енген 41 елді мекеннің инфрақұрылым мәселесі қайта қаралатынын айтты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*