Мақтааралдық ардагерлер үндеу жариялады

Бүгін Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облыстық және Мақтаарал, Жетісай аудандарының ардагерлер кеңесі үндеу жариялады. Бұл үндеу облыс халқына, кәсіпкерлерге, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге де арналған.
Атакент кентінде өткен жиынға Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, ғалым Ибадулла Үмбетаев қатысып, жиналғандарға үндеудің негізгі мақсаты мен мазмұнын түсіндіріп берді.


Жиында сөз алған Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары тасқын сумен күрес жұмыстарының барысын баяндап, қайырымдылық шараларының арқасында арнайы қоймадағы азық-түліктің сағат санап молайып келе жатқанын жеткізді.
«Тасқын су салдарынан Мақтаарал ауданында жалпы 6127 тұрғыны бар 5 елді мекенде 845 тұрғын үй зардап шекті. Бұдан бөлек, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина нысаны мен 1 мәдениет үйі, сондай-ақ, 10 дүкен суда қалды. Бұл оңай шығын емес. Ендеше, облыс халқы қиындыққа тап болған мақтааралдықтарға көмек қолын созып, қиындықты бірге еңсеруге атсалысары сөзсіз» , — деген Бейсен Дәулетұлы ардагерлердің бастамасына қолдау білдірді.
Аталған үндеуге қолдау білдірген облыс халқы, кәсіпкерлері мен еріктілері қазірдің өзінде облыстық қорға 1 млн теңге көмек қаржы аударып үлгерген. Бұл көлем алдағы уақытта еселеп өсіп, жиналған қаржы-қаражаттар тұрғын үй, жол салу жұмыстарына бағытталатын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*