ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Созақ ауданында төрт түліктің төресі — түйені көбейту қолға алынды. Облыс басшысы ойсыл қара тұқымын көбейту арқылы өзге өңірлермен бәсекелес болуға қауқарлы ауданға осы кәсіпті мықтап қолға алуды тапсырған болатын. Осы мақсатта түйе түлігін асылдандыруға 2000-ға жуық түйе аналығы сатып алынды. Оның жартысы жеңілдетілген несие алу арқылы, қалғаны азаматтардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев ауданға арнайы жұмыс сапары барысында түйе шаруашылығымен айналысатын бірқатар шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысты.
Созақ ауданында түйе шаруашылығының әлеуеті жоғары. Мәселен, өңір басшысы аялдаған Шолаққорған ауылында түйе шаруашылығын өркендетіп отырған «Бағдат» шаруа қожалығында 350 бас түйе бар. Шөлге шыдамды төрт түліктен көктем айларында 256 тонна түйе сүті «Golden Саmеl Group LTD» ЖШС зауытына өткізілген.
Ірі мал басын асылдандырумен айналысатын «Қанжарбек» шаруа қожалығында 110 бас мүйізді ірі қара, 1150 бас уақ мал мен жүзге жуық жылқы бар. Мал шаруашылығын дамытуда Созақ ауданы межелі табыстарға қол жеткізуде. Атап айтқанда, ауданда 40 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 341 471 бас қой-ешкі малы мен 14 мыңға жуық түйе, 25 мыңнан астам құс өсірілуде. 2020 жылдың 8 айында 7 546,1 тн ет, 11 321,6 тн сүт, 2 129,7 мың дана жұмыртқа өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі едәуір өскені байқалады.
Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен Түркістан облысында түйе шаруашылығын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары жасалынды. Жоспарға сәйкес, Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Созақ, Шардара аудандарында биылға қосымша 3962 інген сатып алынып, соның нәтижесінде өндірілетін сүттің көлемін 14 250 тоннаға яғни 15%-ға арттыру жоспарланған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*