Түркістан: Төлеби ауданындағы сел салдары қалпына келтіріледі

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев  Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен тұрғындармен кездесіп,  жағдайды бақылап қайтты. Бұл аумақта қатты жауған нөсерден өзен суы арнасынан асып, бірнеше көшелерді су шайған болатын. Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтің басшылығымен тасқын зардаптарын жою жөніндегі құрылған жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Құрамында 300-ден астам алам бар. Су шайған үйдің бірінде болған
облыс басшысы нөсерден келген зардапты толықтай жоюды тапсырды.

«Нөсер жауыннан Ленгір өзенінде су деңгейінің жоғарлауына байланысты ішінара су басуы орын алғаны белгілі. Сел салдары толық жойылады. Ол үшін барлық қажетті жұмыстар жасалып жатыр. Сел ағынынан адамдар аман. Бұл ең бастысы. Мал шығыны жоқ. Су келген үйлер толық жөнделіп, айналасына қоршаулар қойылады»,-деді Өмірзақ Естайұлы.

Бүгінде аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар қызметі мен елдімекен тұрғындары жұмыла бірлесіп, арналарды тазарту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарға 126 қызметкер, 31 арнайы техника, 14 мотопомпа жұмылдырылған. Көршілес Сайрам, Түлкібас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көмекке келген.

«6 мамыр күні қатты жауған нөсерлі жауын-шашын салдарынан Төлеби ауданы, Ленгір қаласындағы Ленгір өзенінің деңгейі өзінің суды өткізу мүмкіндігінен үш есе көтерілген. Су басудың салдарынан құлаған немесе бұзылған құрылыс нысандары жоқ.
Өзен жағалауы бойындағы 2 тұрғын үйдің аулалары мен қораларына су кіріп, 6 сарай, 16 аула, бір монша мен жазғы асхананы су шайып өткен. Өзен бойындағы Жаңаұйым елді мекеніндегі бірнеше көшедегі газ құбырына зақым келуіне байланысты жалпы 121 тұрғын үй газ жүйесінен уақытша ажыратылды. «Көктерек» су жинау имаратының жұмысы тоқтатылып, Ленгір қаласының шығыс бөлігіндегі 3 мыңнан астам үй ұңғымалар арқылы уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Келтірілген залалдарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табады,»- деп мәлімдеді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*