Шымкент: Карантин жағдайында заңсыз митингілерге қатысушылар қатаң жазаланады

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласындағы COVID-19 инфекциясының 2020 жылдың 5 маусым күні болған эпидемиологиялық жағдайы бойынша брифинг өтті.

Брифингке Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев және департамент басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев қатысты.

Департамент басшысының айтуынша, Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызы мен 4 маусымы аралығында 962 COVID-19 жағдайы тіркелген. Яғни, сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 91,1 құрап отыр.

«Қалада коронавирус індеті бойынша тіркелген оқиғалар әлі жалғасуда. Тіркелген коронавирус жағдайының 22-сі – 13 халықаралық жүк тасымалының жүргізушісі, 1 жолаушы Польшадан, 8-і Ресей Федерациясынан келген, оның ішінде 7 адам – жұмыс істеп жүргендер және 1 студент, 397 жергілікті, 543 – қарым-қатынаста болғандар. 4496 қарым-қатынаста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Бүгінде 2861 карантинде. Стационардан сауыққан – 397, қайтыс болғандар – 10, ал 555-і стационарлық емделуде», – деді Әбдіманап Қошқарұлы.

Ал Ғалымжан Әбішев: «Төртінші маусым күні 52 жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл – тәулігіне 5,7%-ды құрады деген сөз. Яғни, соңғы аптада 199 жағдай тіркеліп, 20%-ды құрап отыр. Олардың ішінде 3 адам өмірден өтті», – деді.

Брифинг барысында бас санитарлық дәрігер Шымкентте індеттің таралуы азайып жатқан жоқ, ал жаппай шаралар қайтадан инфекцияға әкелуі мүмкін деп атап өтті. Оның айтуынша, індетті жұқтырушылар статистикасы пандемия ауқымының әлі де азаймағанын көрсетеді.

«Осыған байланысты қаланың бас санитарлық дәрігері әрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермейтін жауапты адам ретінде, соңғы кездері әлеуметтік желілерде тарап жатқан адамдар көп жиналатын жаппай акциялар мен митингтерге шақыру қауіпті екенін хабарлаймын. Қалада эпидемия әлі де жалғасып жатқан кезде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру жауапсыздықтың белгісі дер едім. Инфекция анықталған жағдайда, бұқаралық жиындарға қатысушылар оқшауланады. Вирус жұқтырғандар ауруханаларға жатқызылады. Барлық байланыста болғандар карантиндік ауруханаларға орналастырылады», – деді Ә.Төлебаев.

Сонымен қатар, ол бұқаралық шараларға, митингтерге қатысушылар коронавирус жұқтырудың эпидемиялық тізбегін құрайтынын атап өтті. Осының салдарынан індет сіздің үйіңізге, отбасыңызға тарайды.

«Хаттамаға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер карантин режимінде жаппай жиындарға қатысқан азаматтарды тіркейді. Талап қатаң. Ал, тіркеу қатысушылар санын есептеп, жұқтыру ошағының эпидемиологиялық тексеруін одан ары жүргізіп, коронавирустың таралуының алдын алу үшін қажет», – деді бас санитар дәрігер.

Брифинг соңында спикерлер санитарлық нормаларды қатаң сақтау керек екенін қадап айтты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*