Шымкент қаласында тамыз айынан бастап қолданысқа енгізілетін қоғамдық көлікте жүру үшін төлем карталары төрт түрлі болмақ. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов мәлімдеді.
Ал қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесін енгізу жобасы «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Жүйені ағымдағы жылы тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда, – деді Абай Әбдіманапұлы.
Көлік картасының бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар – жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. «QazSmartTrans» ЖШС-гі тарапынан көлік картасы Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар) Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгілерімен марапатталғандарға және І — топтағы зағип жандарға тегін таратылады.
Жолаушыларға көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлеуге мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда қаланың магистралды жолдарының 75,3 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі бойынша заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға беріледі.
Пікір қалдыру