«ОҢТҮСТІК» ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТА ЖҰМЫС ОРЫН САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы жоба құны 130,52 млрд теңгені құрайтын 62 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде, 3 745 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жалпы жоба құнының ішінде инвестиция сомасы 58,4 млрд теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2 085 жұмыс орны ашылды.
Ал 2010 жылдан бастап 2023 жылдың III тоқсанына дейін «Оңтүстік» АЭА-ның қатысушы кәсіпорындары өндірген тауар көлемі 175,7 млрд теңгені құрап, өнімнің жартысы (80,79 млрд теңге) 23 елге экспортталды.
Биыл жоба құны 0,56 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске қосып, 110 адам тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Алдағы уақытта өндірістік кәсіпорындардың ауқымы кеңейіп, 2026 жылы инвестиция сомасы 72,12 млрд теңгеге жетеді. Нәтижесінде 27 жоба іске асып, 1 660 жұмыс орны ашылады.
Арнайы экономикалық аймақ – капиталды инвестициялау және экономиканы дамыту үшін жағдай туғызатын шетел және отандық кәсіпкерлерге ерекше экономикалық жеңілдіктері бар ұлттық-мемлекеттік шектелген аумақ бөлігі.
Арнайы экономикалық аймақтар ішкі сауда, жалпы экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық мәселелерді шешу үшін құрылады. Сондықтан да қала әкімі мемлекеттік қолдау аясында арнайы экономикалық аймақтың экспорттау қабілетін арттыра түсу маңызды екенін жеткізді.
Құзыреттер орталығын құрудағы негізгі мақсат – жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету. Қазіргі күнге дейін мұнда 150-ден астам студент оқу практикасынан өткен. Қазір тағы 200-ге жуық түлек «Әлем-БТ», «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Azala Cotton», «SAGITEX GROUP» және «BAER» компанияларында практикадан өтіп жатыр.
Жалпы, жеңіл өнеркәсіп құзыреттілігі орталығының түлектері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар персоналының 30-40 пайызын қамтиды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әзірге тек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ғана қолданылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*