Түркістан облысында 70 елдімекен су қорымен қамтылмаған. Бұл жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов хабарлады.
Қазіргі таңда сол 70 елдімекенде 44 мың халық тұрады екен. Ондағы тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін іс-шара жоспары бекітіліпті. Бұл жоспарға сәйкес облыста жүргізілетін 61 нысанның құрылысына 14,1 миллиард теңге бөлініп, жұмыстар басталған. Соның нәтижесінде 29 елдімекен ауыз сумен қамтылады деп күтіліп отыр.
«Оның ішінде 13 елдімекенге жаңа ауыз су құбыры салынса, 16 елдімекенге кешенді блок модуль орнатылады. Биылғы жылдың қорытындысымен өңірдегі қала тұрғындары 100 пайызға, ауыл халқы 98,1 пайызға ауыз сумен қамтылады. Қалған су құбырымен қамтылмаған 41 елдімекеннің 8-де құрылыс жұмыстары биыл басталған. 2025-жылы бітеді. 13 елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз ету 2025-жылы жергілікті бюджет есебінен толық шешілетін болады. 4 елдімекеннің жобасы әзірленіп, қаржыландыру үшін республика бюджетіне ұсынылған»,— дейді Зұлфұхар Сансызбайұлы.
Десе де, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың айтуынша, Түркіста облыында 15 ауылда су көздерін іздеу-барлау жұмыстары аяқталмаған. Әлі күнге ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмысарына жобалық құжаттама әзірлеу қажет екен. Яғни, жұмыстар өз кестесінен кешіктіріліп жатқан көрінеді. Себебі, 1-ші жарты жылдықтың бітуіне шақ қалғанын алға тартты.
Пікір қалдыру