ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІКТЕРДІҢ КЕСЕЛІН ЕМДЕЙТІН ЕМХАНА БОЙ КӨТЕРЕДІ

Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл ғимараттар кең әрі ыңғайлы болмақ.
Құрылысын «Emaar» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы қалануда. Биылғы шілде айында басталған құрылыс нысаны жыл соңында қолданысқа беріледі. Құрылыс алаңы 0,4 гектар аумақты құрайтын дәрігерлік амбулатория 1 қабатты болады. Құрылысқа тапсырыс беруші – Түркістан облысының құрылыс басқармасы.
Айта кетейік, Жаңадәуір елді мекенінде бүгінде 1 876 тұрғын болса, Ынтымақ ауылында 2 452 адам тұрады. Олар бүгінгі күнге дейін Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Лесбек Батыр елді мекенінде орналасқан емханаға барып, қызмет алып жүрген болатын.
Осы орайда  былтырғы жылы Түркістан облысы Келес ауданында жеке кәсіпкерлер жиналып 5 медициналық орталық салуды қолға алды. Түркістан облысының Келес ауданында 2022-2025 жылдары жалпы құны 44,3 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырып, 1 175 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Солардың бірі – «Нұрболат» өндірістік кооперативі. Мұнда жалпы жоба құны 3,0 млрд. теңгені құрайтын «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы басталған болатын. Аталған медициналық орталықтар Абай ауылының екі аумағында, Біртілек, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтерінде бой көтермек. Соныме қатар,  Абай ауылы Қонаев көшесінің бойындағы «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Және аудан орталығында 5 блоктан тұратын орталық аурухананың құрылысы қарқын алған. Жоба толық іске асырылған соң 200 жаңа жұмыс орны ашуды жоспарлаған болатын. Жүйелі жоспар орындалса, өңір тұрғындарының медицина саласына  қояр талабы едәуір азая түсері анық.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*