АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫН ЖАҢАРТУ — САПАЛЫ ӨНІМ АЛУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Түркістан облысында соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетіліп, агроөнеркәсіп кешенде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға қолдау көрсету мақсатында арнайы тапсырма берген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі түрде іске асып келеді. Мәселен, Отырар ауданында мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникаларының 53 пайыздан астамы жаңартылған.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарымен танысып, шаруалармен кездесті. Ақтөбе ауыл округіндегі «Мұрат» шаруақожалығында болған аудан басшысы ондағы ауыл шаруашылығы техникалар паркін жаңарту жобасымен танысты. Шаруақожалық иесі жоба аясында 284 миллион теңгеге Lovol GK120C комбайны мен Кировец K-7M K-743, Lovol TD1304, Lovol TD1054, Беларус 82,1 тракторларын сатып алып, қосымша 10 адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіпкер заманауи техникалардың көмегімен шаруашылығын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Жалпы аудан бойынша 979 ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. 2023 жылы 87 ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылған болса, 2024 жылы бұл көрсеткішті 97-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы техникасының тозуын ескерсек, бұл жобаның өзектілігі даусыз. Еліміз бойынша 185 мың бірлік техниканың 76 пайызы, облыста 19 мың бірлік техниканың 83 пайыз ы тозған. Мемлекет өз тарапынан инвестициялық субсидиялар, фермерлерге жеңілдікпен несиелер, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін субсидиялар, сондай-ақ инфрақұрылым жүргізу түрінде көптеген мемлекеттік қолдау шараларын ұсынып келеді.
Айта кетейік, бұдан бөлек облыста жаңбырлатып суару техникалары шығарылып жатыр. Сауран ауданында орналасқан «Түркістан» ӘКК» АҚ өндірістік паркі аумағында «BNK GROUP LTD» ЖШС бастамасымен жаңбырлатып суару жабдықтары және трактор өндірісі жобасы жүзеге асырылуда. Аталған компанияға Сауран ауданындағы өндірістік парктен арнайы жер, браунфилд берілген. Жобаның 1 және 2-кезеңдері бойынша жаңбырлатып суару жабдықтары шығарылып жатыр. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын зауыттың жалпы құны – 4,05 млрд теңге. Жоба қуаттылығы – жылына 950 жаңбырлатып суару жүйесі. Бұл техника америкалық технология негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*