Түркістан облысында жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялар ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі секілді салаларды дамытуда бірлесе жұмыс жаусауға дайын. Жаңа зауыт, фабрикалардың іске қосылуы өңір халқының әл ауқатын жақсарта түспек. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылған. Көптеген жобаларды іске асыру 5 жылға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Түркістан облысында қытайлық компаниялардың қатысуымен өңіраралық кооперацияны дамытудың әлеуеті жоғары. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы туралы айтып берді. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады.
Түркістан облысы бойынша дайын инфрақұрылымы бар 9 индустриялық аймақ орналасқан. Сонымен қатар 42 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүргізілуде. Биыл 9 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы аяқталады деп күтілуде.
– Мемлекет басшысының екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайтыны белгілі. Озық технология саласында зор табысқа жеткен аспан асты елінің мүмкіндіктерін әлем мойындап отыр. Біз үшін біздің берлескен жобаларымызды дамыту, жаңа жобаларды жүзеге асыру – аса маңызды. Инвесторлар үшін жеңіл өнеркәсіп саласында бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі бар. Агроөнеркәсіптік кешен саласында облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі болып табылады. Бұдан басқа, өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағыт болып табылады. Сондай–ақ біздің еліміз тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілетін Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылатынын атап өткен жөн. Осылайша, біздің облыста бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар. Әр инвестормен мен өзім жеке байланыстамын. Түркістаннан инвесторларға арналған кеңсе ашуды жоспарлап отырмыз. Әр жобаны бірге ақылдасып, жүзеге асыруға шақырамын,– деді Дархан Сатыбалды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының тауар айналымы ҚХР-мен 135 млн. АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 84 млн. АҚШ долл., импорт – 51 млн. АҚШ долларынан асты.
Пікір қалдыру