Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге бақша, 7,2 мың жерге дәндік жүгері, 3,3 мың га жерге көкөніс пен 6,3 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын еккен.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов апталық жұмыс жоспары барысында диханшылықтан нәпақысын тауып жүрген шаруалармен жүздесіп, жағдайларымен танысты. Еркін форматта әңгімелесіп, шешімін табуы тиіс мәселелерді сөз етті. Шаруалардың айтуынша ақпанда отырғызылған көшеттер ауа-райының қолайсыздығы салдарынан мерзімінен кештеу піскенімен сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясына экспортталып жатыр.
«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді.
Бүгінде өнімдерімізді ешқандай делдалсыз егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, Ресейге жіберіп жатырмыз» дейді шаруалар.
Айта кетейік, биылғы жылы аудандағы суармалы жердің 20 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 16 мың гектары қауын болса, 4 мың гектары қарбыз дақылы.
Былтырғы жылы 18 780 гектар алқапқа егілген бақшаның 14 мың гектары қауын, 4,6 мың гектары қарбыз болған. Ал, жалпы алынған өнім көлемі 514,3 мың тоннаны құраған.
Пікір қалдыру