Жетісай ауданында тұрғындар арасында дене шынықтыру мен спорт саласын кеңінен насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде жер-жерлерде спорт нысандары бой көтеріп, спортты жанына серік етушідердің де саны күн санап артып келеді.
Қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығы мен техникалық қиыстырулардың кенеттілігімен ерекшеленетін спорттың үстел теннисі түрін ауданда дамыту мақсатында құрылысы басталған заманауи кешеннің құрылыс алаңында болған аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Жұмыстың барысымен танысты.
Асықата кентінде 1 гектар аумақта орналасатын спорт кешенінің құны 1 млрд теңгені құрайды. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен іске қосылатын 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, ерлер бөлмесінде 15 төсектен және әйелдер бөлмесінде 15 төсектен тұратын әкімшілік блок орналастырылатын болады.
«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Себебі, спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы балаға тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймаймыз, сонымен қатар, бойларында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Спортпен айналысатын жастар көшенің теріс ықпалынан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болады. Сондықтан, ел болашағы саналатын жастарымыздың дұрыс қалыптасуы жолында маңызды рөл атқаратын нысанның сапасы жоғары, заманауи үлгіде болуы маңызды» деді аудан басшысы.
Бір мезетте 200-ге тарта адам жаттыға алатын кешеннің ағымдағы жылдың шілде айында басталған құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың 31 наурызында толық аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын бірден-бір көрсеткіш саналатын спорт саласының үстел теннисі түрімен бүгінде ауданда 210 бүлдіршін тұрақты түрде шұғылданып келеді.
Пікір қалдыру